Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның ойыннан кейінгі баспасөз мәслихаты назарларыңызға ұсынамыз.

БАҚ өкілдері Юрий Красножанның толассыз қошеметпен қарсы алды. 

—Бір қарағанда ойын тізгіні біздің қолымызда болғандай көрінді, бірақ бар мүмкіндіктерімізді голға айналдыра алмадық. Бұдан бөлек, қорғаушыларымыздың бірі сүрініп құлады, екіншісі оған дер кезінде көмек көрсете алмады. Сөйтіп, ойын тең аяқталуы да ғажап емес еді, жеңіліп қалуымыз да мүмкін болды, - деп бастады Юрий Анатольевич. - Біз бұдан нәтиже шығара білуіміз керек. Ал екінші таймда жинақырақ ойнай бастадық. Шабуылымыз да түрленіп, өнегелі ойын өрнегін көрсетуге көштік. Жалпы алғанда бүгінгі матч үшін жігіттерге алғыс айтқым келеді. Біз ойын алдында көп жұмыс істедік. Күніне екі реттен жаттығып, тыңғылықты дайындалдық. Барлығы да жаттығуларға жауапты қарады.

— Әр таймдағы ойынымыз әртүрлі болды. Неліктен?

— Айта беруге болады. Себеп көп. Футболшылардың барлығы да жақсы. Бірақ орталық шепте өте сақ ойнау қажет. Орталық аймақта тек паспен ғана ойнай берудің қажеті жоқ. Кейде ойын тізгінін өз қолына алған да дұрыс. Алаңға конструктивті футболшы шыққан еді, ойынымыз да өзгерді. Жалпы, проблема бар. Ол психологияға қатысты. 

— Үш орталық қорғаушы тактикасын енді ұлттық құрамамыз әрдайым қолданатын бола ма?

— Бір ғана тактиканы ұстануға болмайды. Тактикалық әрқилылық болу керек командада. Тіпті, тактика бір ойында бірнеше рет ауыса береді. Қорғаушыларымыздың қапталдағы жартылай қорғаушылармен түсіністіктері керемет болған жоқ, әсіресе басында. Бірақ Исламхан арқылы өрбіген шабуылдар жаман болмады. бір сөзбен айтқанда, әлі де атқарар жұмыстар көп. Сондықтан, дайындығымызды тағы пысықтау үшін ел чемпионатының 31 тамызға жоспарланған турын кейінге шегеру туралы бастаманы жоспарлап отырмыз.

— Сіз бүгінгі матчта ойын тізгінін өз қолына алатын алаң ортасында ойыншы табылмады деп айттыңыз. Ендеше неліктен Марат Хайруллинді ұлттық құрамаға шақыртпадыңыз?

— Біз Маратпен мұның алдындағы жиында таныстық. Оны енді ұлттық құрамаға шақырмайын деп отырған жоқпыз. жалпы, үш оқу-жаттығу жиыны барысында 58 футболшымен танысыппыз. Әр үміткердің әлеуетін байқадық. Шынын айтқанда кандидаттар көп те емес. Сондықтан, әрқайсысына ұқыппен қарауымыз қажет. Марат басқа да футболшылар секілді өзінің клубтағы ойынымен ұлттық құрамаға шақырту ала алады.

— Ұлттық құрамада Самат Смақов неге жоқ деген сұрақ көптеген жанкүйерлерді қызықтырады?

— Оның мүмкіндіктері бізге жақсы белгілі. Басқа футболшылардан артық білеміз оны. Самат "Қайрат" сапында керемет маусым өткізіп жүр. Отыздан асты, бітті енді оған ұлттық құрамадан орын жоқ деген сөз емес. Смақов ұлттық құрамадан .үміткер.

— Қақпамызға соғылған гол жайлы не айтасыз?

— Бұған дейін айтқанымдай, ойынымыз алаң ортасында негізінен исламхан арқылы өрбіді. Өйткені, орталық жартылай қорғаушыларымыз шабуылды ұйымдастыруда әлсіз болды. Сондықтан, ойынға допты сақтай білетін, әрі дер кезінде әдемі пас шығаратын ойыншы қосу қажет еді. Сөйтіп, алаңға Аслан Дарабаевты шығардық. Нәтижесінде ойынымыз жүре бастады. Ал әлгі голға келер болсақ, допты орталық шепте көп ұстаудың екінші жағы болатынын да көрдік. Алданып қалып, арты қауіпке соғатынына көз жетті. Одан арғысын қарау керек. Неліктен қарсылас допқа бірінші жетті деген сұрақтарға да жауап іздейміз.

— Ұлттық құрамамызды қаншалықты жасақтай алдыңыз?

— 75 пайызға анық. Қалғанын тағы қарау қаджет.

— Бұл бейресми үзіліс болғандықтан ұлттық құрамаға Сергей Хижниченко шақырылмады. Оған алдағы уақытта үміт артасыз ба?

— Әлбетте, зор үміт артамыз. Бұл тізімге Шмитдгаль мен Энгельді де қосуға болады. Бұл жолы оларды ұлттық құрамаға шақыруға негіз болмады.

— Қақпашымыз Александр Мокин қобалжып тұрғандай көрінді. Оның ойынына қандай баға бересіз?

— Жеке басқа өткім келмейді. Дегенмен, әуедегі доптардың ешқайсысын жібермеді. Қорғаушыларға да тірек бола білді. Рас, кейбір сәттерде босаңсып қалғанымен ол қақпада тұрғанда мен өзімді сенімді сезіндім.

— Егер Тәжікстан құрамасымен жауапты ойын өткізу туралы ұсыныс түссе, қабыл аласыз ба?

— Әлбетте, егер уақыты бізге ыңғайлы болып жатса, қуана қабыл аламыз. Біз тәжіктер тарапына ұсынысымызды қабыл алғаны үшін зор алғыс айтамыз.

— Алматының Орталық стадионындағы жанкүйерлер туралы не айтасыз?

— Бізді қолдау үшін стадионға келген жанкүйерлерге алғысымыз зор. Оларды бізді барынша қолдады. Нәтижесінде екінші таймда жігіттер жанданып, жеңіске жетті. Бір жағынан мен Алматыда жанкүйерлер бдан да көп болады деп ойлағанмын.

Ақпарат футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.