Бүгін Шымкенттегі БИІК футбол орталығында Қазақстан жастар құрамасы мен Қырғызстан олимпиадалық құрамасы кездесіп, жауапсыз төрт гол соқты, деп хабарлайды kff.kz сайты.

Алдымен қырғыздар өз айып алаңдарында ойын ережесін бұзып, нәтижесінде төреші қақпаларына пенальти белгіледі. Нүктеге жақындаған «Оқжетпес» жартылай қорғаушысы Александр Ульшин қырғыз қақпашысына еш мүмкіндік берген жоқ. Одан кейін жерлестеріміз үзіліске дейін тағы екі гол соғып, екеуінде де Виталий Ли көзге түсті.

Екінші таймда Саулюс Ширмялис шәкірттері гол соғатын тағы бірнеше мүмкіндікке ие болған. Бірақ бір ғана гол соға алды. Қырғыздардың қақпасына төртінші голды соққан Абзал Бейсебеков болатын. Сонымен, қорытынды есеп - 4:0, Қазақстан жастар құрамасы Ширмялиске резервтің жеткілікті екенін дәлелдеді.

Естеріңізге сала кетейік, мұның алдындағы ойында Қазақстан құрамасы Алатаудың арғы баурайынан келген айыр қалпақты ағайындарымыздың командасын 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын. 

 

Қазақстан - Қырғызстан 4:0

Голдар: Александр Ульшин (1:0), Виталий Ли (2:0), (3:0), Абзал Бейсебеков (4:0)

Қазақстан жастар құрамасы: Покатилов, Пикалкин, Бутуев, Рудосельский, Әділханов, Левин, Ульшин, Айымбетов, Қуат (к), Ли, Фильчаков

Ойын барысында алаңға шыққандар: Қожабаев, Бейсебеков, Аслан, Шайхов, Калинин, Жаңғылышбай, Сүлей.