Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіндегі «Ақтөбенің» қарсыласы варшавалық «Легия» Чемпиондар лигасынан шығарылуы туралы УЕФА-ға шағым қалдырды.

Естеріңізге салсақ, 8 тамызда үшінші іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикке» қарсы қарымта матчта алаңға жазаланған Бартош Берешиньскийдің шығуына байланысты польшалық командаға техникалық жеңіліс тіркелген болатын. Осылайша, «Легия» Чемпиондар лигасынан тыс қалып, келесі кезеңге шотландиялық клуб өтті. «Легияның» ресми  сайтының хабарлауынша, УЕФА шағымды қабылдамаса, клуб төрелік сотқа сүйенеді.

УЕФА апелляциялық ұйымның отырысы 13 тамызда болады.