Загребте күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды confederation.kz сайты.

Еркін күрес өкілдері арасында Азамат Дәулетбеков қана жүлдеге ілікті. 84 келіде сынға түскен ол Хорватиядағы әлемдік сынның күміс жүлдегері атанды. Алтын үшін айқаста Азамат ирандық Ареза Кармимачианимен белдесіп, өкінішке қарай, 2:12 есебімен ұтылып қалды.

Әлем чемпионаты. 84 келі. Қорытынды:

1. Ареза Кармимачиани (Иран)

2. Азамат Дәулетбеков (Қазақстан)

3. Певин Правин (Үндістан), Гэйб Дин (АҚШ)

Өзге де спортшыларымызға келер болсақ, үш балуанымыз қола жүлде үшін күрескен еді. Алайда, үшеуі де тартысты белдесулерде жеңіліс тапты.Александр Гольцман (74 келі) түрік Мұрат Ертүріктен жеңілді (11:13), Владимир Кудрин (55 келі) америкалық Гилман Томасқа есе жіберді (6:9), ал Ілияс Жұмай (66 келі) ресейлік Расул Арсаналиевтен айла асыра алмады (12:14).

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатынан үш медальмен аяқтады: күміс - Екатерина Ларионова, Азамат Дәулетбеков, қола - Жәмила Бақбергенова.