Канадада гольфтан халықарылық деңгейдегі жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды Хабар арнасы. 

Қалтасы қалыңдарға ғана арналған халықаралық дода кім-кімді де қызықтырмай қоймасы хақ. Бірақ қатысу құрметі екінің-біріне бұйыра бермейді. Дәстүрлі додаға биыл дүниежүзіндегі ең үздік гольф шеберлері жиналды. Олар осы Канада жерінде кезекті бас жүлдені сарапқа салады.

Адам Хелмер, төреші:

-Биылғы бәсекеге 6 елден 240 үміткер қатысуда. Олар осында өзара мықтыны анықтайды. Сонымен қатар Канада мен АҚШ-та өтетін халықаралық додаларға жолдаманы сарапқа салады.

Жергілікті жұрт бұл спорт түрімен жақсы таныс. Себебі бірнеше ғасыр бұрын Канадаға келген болатын. Ал қызығушылар қатары күн санап көбейіп келеді.  Құны да қымбат емес.

Кэти Макатавиш, ұйымдастырушы:

-Канада жұрты үшін гольтың қадірі бөлек. Барлығы да ойнай біледі. Әсіресе, командалық ойындарға қызығатындар көп. Бірақ бұл спорт түрі жекелей сындардан тұратыны белгілі. 

Биылғы бәсекенің бас жүлдесі үшін болатын тартыс әлі бір аптаға жалғасады. Осы аралықта бірнеше жекелей сын өтеді деп жоспарланған. Ұйымдастырушылар болса, чемпионатқа қатысушылардың қатарынан қазақстандықтарды да көргісі келетіндерін айтып қалды.

Эйл Макатавиш, Гольф клубының президенті:

-Қазақстандық шеберлерді біздің бәсекеге қатысуға шақырамыз. Айта кетейін, келесі чемпионат Торонтода өтеді және Канададағы 100-ші халықаралық дода болып табылады.

Қазақстандық гольфшылардың жарысқа қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Бір анығы, келесі чемпионатқа әлемдегі ең үздік шеберлер қатысады. Жүлде көлемі де қомақты.