Семейлік «Спартак» футбол клубы осыдан бірнеше ай бұрын ҚПЛ-дан «ұшып кетуге» жақын қалған. Дегенмен, шығысқазақстандық команда тәжірибелі ресейлік маман Алексей Петрушиннің келуімен ұпай санын ұлғайтып турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. «Спартактың»  бас бапкері тілшімізге берген эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Алексей Алексеевич, Қазақстанға қайта оралғаныңызда кімдер бірінші боп құттықтады?

– Самат Смақов, Евгений Ловчев пен Андрей Карпович құттықтады. Солардың ықпалымен Қазақстанға қайта оралдым.

Сіздің Қазақстанға келуіңізге олар қалай көмектесті?

– Карпович пен Смақов – Семей футболының түлегі екенін ұмытпайық. Олар клуб басшылығымен сөйлесіп, мені кандидат ретінде ұсынған болуы керек. Нақты қалай болғанын айта алмаймын.

Сіз келгеніңізде команда қандай күйде болды?

– Командамен танысуға келгенімде, олар «Астана» мен «Қайраттан» ұтылып, қақпаларына бес голдан жіберген болатын. Мен командамен танысып, келісімімді беріп, ұшып кеттім. Қайта оралғанымда олар «Ертістен» де ұтылған. Көңіл-күйлері нашар, психологиялық тұрғыда команда өте әлсіз болды. 

Жұмысыма кіріскен бетте, командадан бірқатар ойыншыларды шығардым. Осылайша, менің қол астымда 11-12 футболшы ғана қалды. Қорғаныста ойнайтын футболшылардың саны саусақпен санарлық еді. 

– Ары қарай не істедіңіз, қандай жұмыстар жасалды?

– Алдымен, ойыншылармен сөйлестім. Турнир екі кезеңге созылатынын, ұпай жинауға тырысып, артынша ҚПЛ-дағы орынымызды сақтап қалуға жақсы мүмкіндіктер бар екенін айттым.

Сондай-ақ, жаттығу процессіне көп көңіл бөлдік. «Ақтөбеге» қарсы өткен менің бірінші ойынымда команда жақсы өнер көрсетті. Сол кездесуде біз тең есепке лайық едік. Жалпы, ойыншылар чемпионға қарсы матчтан кейін өз күштеріне сене бастады.  

Физикалық тұрғыда команда қаншалықты дайын болды?

– Бұның алдында ойындарын көргенмін, физикалық тұрғыда дайындықтары жақсы болатын. Бірақ, сосын бұрынғы бас бапкер маусымның енді басталғанына қарамастан жаттығулардың қуатын азайтты. Бұл дұрыс емес. Ірі есеппен жеңілістердің себебі де осыдан. Бұған қоса төрелік әлсіз.  

Егерде командаңыз бірінші Лигаға ұшып кетсе, сіз командада қаласыз ба?

– Бұны клуб басшылығынан сұраған дұрыс. Әйтсе де мен командада қалғым келеді. Қазіргі таңдағы баста мақсатымыз – ҚПЛ-дағы орынымызды сақтап қалу.

– Ненің арқасында бұл нәтижеге жетуге болады?

– Ең бастысы – біртұтас команда болуымыз керек. «Спартактың» тізгінін ұстағанымда, команданың ойыны жақсарды. Ұтылсақ та, минималды есеппен жеңілдік. Тек қана «Қайратқа» қарсы соңғы ойында команданың ойынына көңілім толмады. Алғашқы кезеңде және екінші таймның басында «Қайрат» бізге ештеңе істей алмады. Сосын, команда «тұрып» қалды. Үшінші гол жіберген соң команда «өшті». Бұның алдындағы үш кездесуден кейін бәрі қалпына келе бастады деп ойласам, қателесіптім.  

Төрелік әлсіз дедіңіз...

– «Астанамен» өткен ойында Фокси біздің қорғаушымыздың бетінен «сүзіп» жіберді, бас төреші оны алаңнан қуудың орнына сары қағаз көрсетті. Менің әріптесім Дмитрий Огай төрешіні ұрған үшін дисквалификация алса, Фоксиге тек қана сары қағаз көрсетіледі. Әділ ме осы?

Ал «Қайратқа» қарсы кездесуде олардың қақпасына пенальти белгіленбеді. Смақов ережені бұзған болатын, бірақ бас қазы симуляция болды деп, тіпті біздің ойыншыға сары қағаз көрсетті. Ал «Қайрат»-«Эсбьерг» матчында соңғы минуттарда Хомич ереже бұзған, онда жүз пайыздық пенальти еді.

– Қазіргі «Қайрат» пен сіз жаттықтарған «Қайратты» салыстырсақ, қайсысы мықты?

– Мен жаттықтарған «Қайраттың» құрамы мықтырақ десем, өтірік айтқаным. Сондықтан салыстыру мәнсіз.

– «Қайратпен» өткен кездесу алдында Вайсспен тоғыз жыл бұрын болған матч жайлы сөйлескен жоқсыз ба?

– Жоқ.

– «Артмедиаға» қарсы сол ойын мансабыңыздағы естен шықпайтын матч деп айтуға болады ма?

– Минскілік «Динамода» жұмыс істегенімде соған ұқсас тағы бір ойын болған. Ел чемпионаттың соңғы туры еді. Барлық ойындар бір уақытта басталуы керек болды, біз ойнайтын алаң қарға толы болған соң, біздің матчты кейінге қойды. Бресттегі ойын алдында біз барлық матчтардың нәтижесін білдік. Осылайша, бізде чемпион атануға жақсы мүмкіндік туындап тұрды. Бірақ, өкінішке қарай сол матчта тең ойнап, чемпиондық атақтан айрылдық.

«Артмедиамен» өткен ойын әлі көз алдымда... Төрешінің қателігі болмағанда... 20 секунд шыдағанымызда... Ойын соңында не болғанын түсіндіріп айту қиын. Бірақ, сол кезде біз ұтсақ, шотландиялық «Селтик» сегіз жылдан кейін емес, сол кезде Қазақстанға келер еді. 

– Жылаған ойыншыларда болған шығар...

– Нақты кім жылағаны есімде жоқ, бірақ әлбетте, Чемпиондар Лигасы болған соң көзінен жас аққан ойыншылар болды.

– Көптеген ресейлік мамандар, Қазақстан чемпионаты мен Ресей бірінші Лигасының деңгейі бірдей дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Барлығы қаржылық мәселеге байланысты. Менің ойымша, Қазақстан чемпионатының көшбасшы командалары Ресей Премьер-лигасында ойнай алады. Әрине, чемпиондыққа таласпаса да үздік ондықта ойып тұрып орын алады.

Футболдан әлем чемпионаты аяқталғанына бір айдан астам уақыт өтті. Ресей құрамасының ойынына көңіліңіз толды ма?

– Капелло топтан шыға алмауына Акинфеевті кінәләп мықты ойыншылардың аз болғанын айтты. Онымен келісуге де болады, себебі шетелде Черышевтен басқа ешкім ойнамайды. 

Жеребе тарту рәсімінен кейін топтан шыға алмайтынымызды сездім. 2002-жылы да осыған ұқсас топқа түскенбіз, сол кездеде плей-офф кезеңіне шыға алмадық.

Меніңше, басты мәселе – физикада еді. Хиддинк жаттықтырған команданың ЕВРО-2008-де дайындығы әлдеқайда жақсы болған. Капеллоның қол астындағы футболшылардың жылдамдығы нашар болды.

Мундиаль кезінде тактикалық жаңашылдықтар байқадыңыз ба?

– Жоқ. Қазіргі таңда жаңадан бірдеңе ойлап табу қиын. Бес қорғаушымен ойнаған командалардың ойынын тамашалаған қызық болды. Жалпы Әлем чемпионатында маған ұнағаны – ол әр кездесудің жоғары қарқындылығы.