Астанада Қазақстан Президентінің кубогі үшін шайбалы хоккейден халықаралық V турнир басталды, деп хабарлайды 24.kz сайты.

Төрт күнге жалғасатын додада «Барыс» хоккей клубы, новокузнецкілік «Металлург», нижнекамскілік «Нефтехимик» және омбылық «Авангард» бақ сынайды. Турнир «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, елімізде хоккейден кәсіби 10 және әуесқой 100 команда бар. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорт түрлерінің қарқынды дамуына септігін тигізуде. Нәтижесінде бүкіләлемдік спорт агенттігінің рейтингісінде былтыр Қазақстан 27-орынға көтерілді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясында дене тәрбиесі мен спорт мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы керек деп атап өтті. Оны жүзеге асырып, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі тек экономикамыздың дамуына ғана емес, дені сау, саламатты ұрпақ тәрбиелеп, дүбірлі додаларды дәріптей білуімізге байланысты.