Елордалық «Астана» швециялық Стокгольмде «АИК-ке» қарсы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчын өткізді.

Астанадағы тең есеп (1:1) бұл жұпта бүгінгі алаң иелерін фаворит қылып тұрды. Енді бұл ойында қазақстандықтарға «не бел, не белбеу кетеді» деп, алаңға соңғы матчындай шығу қажет еді.

Ойынды қос елордалық клуб та бір деңгейде бастады. Қақпа аңғарына алғашқы соққыны айып добынан Сельсо Борхес бағыттады – Ненад Эрич орнында.

Алғашқы минуттарды «Астана» ойыншылары қорғаныспен өткізді. Шведтер де анау айтарлықтай қауіпті ұмтылыс ұйымдастыра алмады. Қақпаға беттеген бойда қонақтар допты тартып алды. Қазақстанның вице-чемпиондары қос қаптал арқылы айып алаңында қақпаны торуылдап жүрген Таңат Нөсербаевқа пас асырып тұрды.

Қазақстандықтар алғашқы қауіпті шабуылын 15-минутта жасады. Алаң ортасынан берілген пастан соң Бауыржан Жолшиев айып алаңына еніп, жақын бұрышты нысанаға алды. Өкінішке қарай, доп діттеген жерден қиыс кетті. Бұл шабуылдан кейін қонақтар басымдықты өз қолдарына алды. Әсіресе, сол қанатта Жолшиев өте белсенді болды.

Бірінші таймның орта белінде алаң иелері бірнеше қауіпті ұмтылыстар жасады. Оның бірінде қорғаушылар допқа бөгет болса, бірінде қақпашы Эрич шеберлігін танытты.

36-минутта тоблодағы есеп өзгерді. Қақпадан жақын тұстан айып добы белгіленді. Нүктеге келген Фокси Кетевоаманың соққысына тосқауылда тұрған Сэм Лундхольм бөгет болды. Бақытымызға орай, бағытын өзгерткен доп Патрик Карлгренді қақпаның жақын бұрышында қалдырып, өзі алыс бұрышқа «күмп» етті – 0:1.

Бірінші тайм аяқталар тұста Жолшиев есепті өзгертетін мүмкіндікке ие болды. Допты қабылдап, бұрылып, алыс бұрышқа жіберген болатын – қиыс кетті.

Үзілістен кейін алаң иелері шабуылда белсендірек көрінді. Ал қонақтар болса, қарымта шабуылдарға иек артты. 54-минутта «Астана» ойыншылары бас айналдырарлық тамаша комбинация ұйымдастырды. Кетевоама бастаған шабуылда Нөсербаев арқылы доп Дмитрий Шомкоға жетті. Соңғысы үш қорғаушының арасынан футбол снарядын Карлгреннің қасынан өткізе салды – 0:2.          

Бұл есептен кейін Андреас Альм шәкірттеріне енді үш гол соғуға тура келді. Ал астаналықтар қорғаныста ойнап, сақ қимылдады. 62-минутта Лудхольм алыстан сол аяғымен Эрич қақпасының алыс «алтылығын» көздеді. Қақпашымыз керіле секіріп, допты алаңнан шығарып жіберді.   

Араға санаулы минуттар салып, Эрич тағы бір шабуылда өз командасын құтқарып қалды. Хенок Гойтом сол қанат арқылы қауіпті соққы жасаған еді.

«Сен соқпасаң, мен соғамын» дейтін футбол заңдылығы бар. Осы теориямен Бауыржан Жолшиев алаң иелерін салмаған голдары үшін жазалап кетті. Стэфан Эссаменің пасынан кейін қақпашымен бірге-бір шыққан хавбек Карлгрен мен қорғаушыны қимылымен жерде сұлата салып, допты бос қақпада тулатты – 0:3.

Бұл голдан кейін «АИК» бас бапкері алаңға тыңнан қос шабуылшысын жіберді. Алайда бұл өзгерістен кейін де швециялықтарға ауыз толтырып айтарлықтай дәнеме жасамады. Тіпті, ойын аяқталар тұста олардың жүйкесі сыр бере бастағандай көрінді. 84-минутта Жуковқа қарсы өрескел ойнағаны үшін Борхес екінші рет сары қағазын алып, алаңнан қуылды.

 Төрешінің ақтық ысқырығы алаң қожайындарының жермен-жексен болғанын білдіріп тұрды. «Астанаға» көп жанкүйерлер мен мамандар сенбесе де, Станимир Стойлов шәкірттері сырт алаңда ойнаудың шеберлері екенін дәлелдеді.

Демек, «Ақтөбенің» соңынан ілесіп «Астана» да еурододадағы саяхатын жалғастыра бермек.    

УЕФА Еуропа лигасы. 3-ші іріктеу кезеңі. Қарымта матч. Бірінші ойын – 1:1.

«АИК» (Швеция, Стокгольм) – «Астана» 0:3 (0:1)

Голдар: 0:1 – Кетевоама 36, 0:2 – Шомко 54, 0:3 – Жолшиев 71

«АИК»: Карлгрен, Карлссон, Юханссон, Милошевич, Борхес, Моро, Лундхольм, Юнссон-Салетрос (Игбоананике 46), Лоренцсон (Атакора 75), Карикари, Гойтом (Николич 75);Резерв: Стаматопулос, Сонко-Сундберг, Пейви, Элиассон;«Астана»: Эрич, Дмитренко, Аничич, Бейсебеков, Постников, Фокси (Мұжықов 87), Нөсербаев (Твумаси 63), Жуков, Эссаме, Шомко, Жолшиев (Курдов 85);Резерв: Логиновский, Ахметов, Пикалкин, Горячий.

Ескертулер: Борхес 68 – Аничич 33, Жуков 52, Жолшиев 66

Алаңнан қуылды: Борхес 84