Алматы маңында Ұлттық спорт түрлерінен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан ҚР ІІІ чемпионатында теңге ілу мен аударыспақ ойындарының нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңге ілуден Ақтөбе облысының командасы 1 орынды жеңіп алды. Екінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы, ал 3 үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды. Бүгін сонымен қатар, Аударыспақтан да сайыстар аяқталды. Сонымен, 40 келілік салмақ категориясы бойынша 1 орынды — Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды, 2 орында  -  Оңтүстік Қазақстан облысы, ал 3 орында Ақмола облысы.

50 келілік салмақта бас жүлде Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды. Екінші орынды Жамбыл облысының жігіттері иеленсе, оңтүстікқазақстандықтар үшінші орынға тұрақтады.

60 келілік салмақ категориясында Оңтүстік Қазақстан облысының командасы ешкімге дес бермеді.  2 орын — Шығыс Қазақстан облысы командасының қанжығасында. Жамбыл облысы — 3 орынды місе тұтты.

70 келілік салмақта 1 орынды — Шығыс Қазақстан облысының командасы иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысының командасы екінші орынға, Ақмолалықтар үшінші орынға көтерілді» — деді өз сөзінде Алматы қаласы бойынша ат спортының бапкері Сәрсенбай Құлбаев.

Қазақстан чемпионатына барлығы 9 команда қатысуда. Олар:

Алматы қаласы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облысының командалары.

Әр команда 17 жігіттен құралған.

Олар ұлттық спорттың үш түрі: көкпар, теңге ілу және аударыспақ бойынша бақтарын сынайды. Мұнда 12 жігіт көкпарға, 4 жігіт аударыспаққа, ал бір жігіт теңгі ілу жарысына қатысады.

Ал көкпар додаcы әлі жүріп жатыр. Ақтық финал алдағы 5 тамыз күні өтеді.

Әзірше командалар екі топқа бөлініп, өзара сайысуда. Екі топтың жеңімпаз командасы ақтық сынға жолдама алады.

Айта кетелік, әрбір көкпар ойыны 20 минуттан екі тайм ойналады. Алаңда әр командадан 4 жігіттен болады. Бірақ, ойын барысында команда мүшелері алаңға кезекпен шығып отырады. Қазандыққа ең көп лақ тастаған команда жеңіске жетеді.

Теңге ілу бойынша 200 метрлік қашықтық белгіленген. Мұнда сөре сызығынан 50 метр жерде теңгелер салынған бірінші бет орамал жатады. Одан кейін 15 метр сайын тағы бес бет орамал қойылады. Сайысқа қатысатын жігіт соларды мүмкіндігінше қысқа уақытта барлығын іліп өтуі тиіс.

Ал аударыспақта атқа мінген екі жігіт ортаға белден жоғары жалаңаштанып шығады. Бұл жерде қолдан, белбеуден ұстап қарсыласын жерге түсіруге қажет. Қолдан қайыруға, мойыннан ұстауға, қылғындыруға және аттың мойнынан, жалынан ұстауға болмайды. Қарсыласын ерден көтергенге бір ұпай, ал жерге түсірген жігітке таза жеңіс беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан бұл біріншілік Үшқоңыр кенті маңындағы «Қазанат» атшабар алаңында өтуде.

Ақпарат Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ресми сайтынан алынды.