Қазақстан футбол федерациясында Вице-президент Олжас Абраевтың басшылығымен Ойыншылардың азаматтықтарын растау жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды футбол федерациясының ресми сайты.

Қазақстан Премьер-лигасының 2014 жылғы маусымы басында «Тобыл» футбол клубының Кәсіпқой футбол лигасына өткізген Никола Тоневтің жеке куәлігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде тіркелмеген болып шықты. 

 ҚР ІІМ берген жауаптың нәтижесінде Комиссия Никола Тонев мырзаның Қазақстан азаматы еместігі туралы қаулы шығарды. Яғни, бұл Қазақстан чемпионатының регламентін бұзушылық болып табылады. Өз кезегінде «Тобыл» футбол клубы ойыншыға Қазақстан Республикасы азаматтығын растайтын жеке куәлікті рәсімдеуге қатысы болмағандығын және жеке куәлікті клубқа ойыншының ұсынғанын мәлімдеді.

Істі ары қарай жүргізу үшін Комиссия барлық материалдар мен құжаттарды ҚФФ-тың Тәртіптік-бақылау комитетіне тапсырды. Енді «Тобыл» футбол клубы мен Никола Тоневке санкцияны ТБК шығарады.

ҚФФ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Никола Тоневке Қазақстан азаматтығын растайтын заңсыз құжатты берген тұлғаларды анықтауды жалғастыруда.