Алматыда бокстан Федерация Кубогының алғашқы жартылай финалына шыққан құрама анықталды. Осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бәсекеге еліміздің барлық аймағының үздік боксшылары қатысқан болатын, деп хабарлайды КТК арнасы.

Биыл бірінші рет әр облыс өз қарсыластарын жеребе тарту арқылы анықтады. Нәтижесінде А- тобына: Алматы қаласы, Павлодар облысы және Маңғыстаулық былғары қолғап шеберлері түсті. Өкінішке орай Шығыс қазақстандық спортшылар қаржылық тапшылыққа байланысты Алматыға ат басын бұра алмапты. Республикалық спорт колледжінің шаршы алаңына бірінші болып Алматы мен Павлодарлық боксшылар көтерілді. Тартысқа толы бәсекеде жергілікті боксшылар 6:4 есебімен жеңіске жетті. Есесіне павлодарлықтар 6:5 есебімен маңғыстаулықтардан басым түсті. Ал шешуші бәсекеде алматылық боксшылар 7:3 есебімен жартылай финалға жолдама алды.

Сондай-ақ ақтық бәсекеде Оңтүстік Қазақстандық спортшылардан алда болған Ақмола облысының боксшылары да келесі кезеңге өтті. Биылғы Федерация кубогының жүлде қоры 25 миллион теңге. Енді финалдық кездесулер желтоқсанның 14-15 аралығында  Астанада анықталады.