«Тур де Франс» көпкүндігінің жеңімпазы Винченсо Нибали Бельгияда көзге түсті, деп мәлімдейді Хабар арнасы.

Бұл жолы «Астана» капитаны полицейлердің назарына ілікті. Италияндық велошабандоз Бельгиядағы дәстүрлі Критериум Синт-Никлас біркүндік жарысына қатысу үшін Антверпен қаласынан жолға шыққан. Тас жолдағы кептеліске тап болған спортшы сосын көлігін жол жиегіне тоқтатып, ұйымдастырушылардың жіберген полицейлерін күткен еді. Алайда сол сәтте өзге жол сақшылары Нибалидің рұқсат етілмеген жерге көлігін қойғанын байқап, велоспортшыға айыппұл салған. Нәтижесінде «Астана» капитаны 165 еуро төлеп құтылды. Ал біркүндік бәсеке Нибалиді күткендіктен, жарты сағатқа кешігіп басталды. Бұл сында Португалия жігіті Руи Кошта жеңіске жетті. Винченсо Нибали екінші болып, мәре сызығын қиды.