Елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесіне келген делегаттар «Мыңжылдықтартоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінде болды, деп хабарлайды Ұлттық спорт қауымдастығының ресми сайты.

Көшпендiлердiң көне дәстүрi жаңғырып, ежелгі кәсіп жанданған этноауылдағы бағдарламаны тамашалауға ағылып келген меймандар ат құлағында ойнаған қазақ жiгiттерiнiң өнерiне тәнтi болды. «Номад» актерлiк тобы әлемнiң әр түкпiрiнен келген делегация мүшелерiне қазақтың ғана емес, түбi бiр түркi жұртының ұлттық спорт пен ойын түрлерiн көрсеткенде таңдай қақпаған жан болған жоқ. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияға тоғызқұмалақ та таныстырылды. Айда, Айым және Еркебұлан атты жас тоғызқұмалақшылар шетелдік қонақтарға тоғызқұмалақтың қалай ойналатынын көрсетті. Әсіресе, № 7 мектептің 11 сынып оқушысы, Дүрияш Қаратайқызының шәкірті Айда Компаева ұлттық ойынды ағылшын тілінде түсіндіріп, үлкен қызмет атқарды. Таныстырылым басында қонақтар тоғызқұмалақты әр түрлі тақталарда ойнап, ойынның әсемдігіне куә болды.

Ұлттық мәзірден дәм татысқан барша қонақ қазақ мәдениетiн танып, бiлiсiп жатты. Ұлы даланы мекендеген ұлттардың тарихы мен мәдениетін паш ететін сахналық қойылымдар мен ән мен жыр кештері көптеп көрініс берді.

«Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы алаңға 50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, тұтас бай ауылы көшіп келгендей болды. Байқағанымыз, қазақтың ұлттық мәдениетімен танысамын деген ниетпен атағы алысқа кеткен елдерден меймандар арнайы келiптi. Бұл да қазақтың әлемдік қауымдастық алдында артып келе жатқан абыройының бір көрінісі болар.

Еске сала кетейiк, бүгін елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесі өз жұмысын бастады. Шараға ЮНЕСКО-ның барлық бес өңірлік топтарынан, атап айтқанда, Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен 125 мемлекеттің Ұлттық комиссияларының өкілдері келген.

Ақпарат Ұлттық спорт қауымдастығының ресми сайтынан алынды.