Ел біріншілігі мен Қазақстан кубогын былай қойғанда, Еуропа лигасында да қарсыласын қоғадай жапырып жатқан «Астана» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде швециялық АИК-ты қабылдады.

Армениялық «Пюник» пен израильдік «Хапоэльді» еурокубоксыз қалдырған елордалықтардың ендігі қарсыласы – стокгольмдік АИК. Швеция чемпионатының 11 дүркін чемпионы мен 8 дүркін ел Кубогының иегері АИК және еуротурнирде былтырдан бері ғана ойнап жатқан «Астананың» арасында фоваритті анықтау қиын емес.

Бір қызығы, бұл клубтардың арасы 118 жыл. Демек, тарихы терең клуб пен тарих парағын енді жазып жатқан команданың арасындағы жекпе-жекте бүйрегіміз соңғысына бүріп отыратыны анық.  

Ал ойынның алғашқы минуттарында бір команданың айқын басымдығы болған жоқ. Алаңдағы қос ұжым бір-бірін саралаумен болды.

Кездесудегі алғашқы қауіпті шабуыл 10-минутта орын алды – швециялық Набиль Бауи айып алаңына енер тұста Ненад Эрич қақпасын нысанаға алды. Өкінішке қарай, елордалық қақпашы алыс бұрышқа бағытталған допты көзбен шығарып салды – 0:1.

«Астана» араға үш минут салып жауапты шабуылын ұйымдастырды. Жолшиев оң қанат арқылы екі қорғаушының арасынан сытылып өтіп, жойқан соққы бағыттады – Патрик Карлгрен орнында.

Қонақтардың голы «Астананың» көпе-көрнегей алға ұмтылуына мәжбүр етті. Десек те, АИК қорғаушылары алаң иелерінің көсіле ойнауына мүмкіндік бермеді. Керісінше, стокгольмдіктер сәт сайын алыстан соққылар жасап, Эричті жұмыссыз қалдырмады.

Елордалықтардың жасаған ұмтылыстары АИК қақпасына соққы бағыттаумен аяқталмады, тіпті, ондай мүмкіндік болғанның өзінде Карлгрен иелігіне қауіп төндірмеді.

Командалар үзіліске кетер тұста ғана «Астана» нәтижелі шабуылын ұйымдастыра алды. Фокси Кетевоама сол қанаттан айып алаңында тұрған Таңат Нөсербаевқа пас асырды. Таңат әуедегі допты басымен Карлгреннің бойынан асыра тастап, қақпаның ішінде тулатты – 1:1.

Үзілістен кейін де командалар бірінші таймдағыдай алма-кезек шабуылдар жасады. 51-минутта Фокси тамаша мүмкіндікке ие болды. Қақпашымен бірге-бір шыққан африкалық ойыншы жақын бұрышты көздеген болатын, өкінішке қарай, теңбіл доп бағананың қасынан кетті.

Бірнеше минуттан соң оң қанаттағы Жолшиевтің пасына айып алаңында жалғыз тұрған Кетевоама жете алмады. 57-минутта Фокси тағы бір шабуылды бастады. Оң қанатта жалғыз қалған орталық африкалық шабуылшыға қорғаушылар бөгет болды, екінші боп допқа Патрик Твумаси бірінші жеткенімен, жас шабуылшының қайшылап тепкен добы дәл болмады.

Екінші таймның орта бөлігінде ойын саябырлысып, қос қақпашының міндеті көп болмады. Екі ұжымның да жасаған ұмтылыстары қорғанысқа келгенде жалғаспай қалып жатты.

Ойынның соңғы минуттары да анау айтарлықтай қарбалас шабуылдармен есте қалмады. Тең нәтижені қанағат қылған қонақтар сәті келсе уақыт созып қалуға тырысса, астаналықтар жиі ұмтылыс жасап, қарсыласының қақпасынан екінші рет саңлау табуға ұмтылды.

Төрешінің ақырғы ысқырығы естілгенше қос команда тоблодағы есепті өзгерте алмады. Осылайша, «Астана» – АИК арасындағы қос матчтық теке-тірестің тағдыры бір аптадан соң Стокгольмде шешіледі.           

«Астана» – АИК (Стокгольм, Швеция) 1:1 (1:1)

Голдар: 0:1 – Бауи 10, 1:1 – Нөсербаев 42

«Астана»: Эрич, Ахметов, Дмитренко, Бейсебеков, Постников, Фокси Кетевоама, Нөсербаев, Жуков (Твумаси 46), Эссаме, Каньяс, Жолшиев (Мұжықов 82);

АИК: Карлгрен, Карлссон, Юханссон, Милошевич, Бауи, Пейви, Моро, Юнссон-Салетрос, Лоренцсон, Карикари, Гойтом.

Ескертулер: Эссаме 12, Жолшиев 59, Дмитриенко 80 – Бауи 60, Юнссон-Салетрос 65, Милошевич 81, Пейви 85, Юханссон 89

31 07.2014 ж. Астана. «Астана Арена» стадионы.