«Ақтөбе» мен «Стяуаның» бас бапкерлері Чемпиондар лигасының алғашқы матчынан кейін өз пікірлерін айтты.

«Біз үшін қиын ойын болды. Алаңның сапасы «Ақтөбе» командасына қосымша басымдық берді. Осы жақта жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Енді өз алаңымызда ұтатынымыз деп үміттенемін», - деді румыниялық команданың бас бапкері Константин Гэлке.

Кейін «Ақтөбенің» бас бапкері сөз алды.

«Нәтижеге көңілім толмады. Тоблодағы есеп алаңда болған ойынның мазмұнын көрсете алмайды. Әр футболшымыздың, жалпы команданың тактикалық қозғалысына көңілім толады. Біздің командамыз сапалы, мазмұнды футбол көрсетті. Иә, қателер болды. Бірақ футболдың өзі қателіктен тұрады. Солардың реттеу үшін біз жаттығамыз, теориялық оқуларда тексереміз. Ойында біз жеңуге лайықты болдық деп ойлаймын. Бірақ бұл Чемпиондар лигасы, мұнда назарыңды басқаға бұрған бойда өз қақпаңа гол жіберіп аласың. Футболшыларыма жанын салып ойнағаны үшін алғыс айтамын. Олар біз келіскен ойынның тактикалық жоспарын дәл орындады. Бірінші таймда шабуыл жасап, жақсы ойнадық. Бірақ біз жіберген міндетті емес екі гол... Алайда бұл – футбол. Қарымта матчта қолайлы нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз. Бұның өте қатты қиын болатынын түсінемін. Мықты командаға қарсы ойнаймыз. Бірақ мүмкін емес нәрсе жоқ», - деді Владимир Газзаев.

Естеріңізге сала кетсек, «Ақтөбе» мен «Стяуа» арасындағы қарымта ойын 6 тамызда Бухарестте өтеді.