Павлодарда «Ертіс» футбол орталығының 15 жасар ойыншысы жаттығу барысында көз жұмды, деп мәлімдейді КТК арнасы.

Қайғылы оқиға таңертеңгілік уақытта қала стадиондарының бірінде болған. Әдеттегідей, командасымен алаңға беттеген Әділ Жолдасбеков дайындық басталған сәтте оқыс жерге құлаған. Дені сап-сау баланың неден бақилық болғанын әлі ешкім түсінбей отыр.

«Ертістің» болашақ жұлдыздары Әділ Жолдасбековтың неден көз жұмғанын түсіне алмауда. Топ ішінде төрт жыл қатарынан өнер көрсеткен 15 жасар аяқдопшы таңертеңгілік жаттығулар басталмастан жер бауырлап жатып қалған. Алғашқы көмек көрсеткен орталық дәрігері, марқұмның күнделікті дайындықтарда сергек жүргенін айтады. Өмірінің соңғы сәттерінде де күмәнді өзгерістер байқалмапты. Еш жарақат алмастан жан тапсырған.

Марина Быкова, «Ертіс» ФК дәрігері:

-Әуелі есінен танды деп ойлап,алғашқы көмек көрсеттік. Бірақ тамыр соғысы тоқтап қалды. Денесі суып кетсен соң барып дабыл қақтық. Бала жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұрады. Ешқандай ауытқу байқалмаған.

Шақыртумен келген дәрігерлер жасөспірім «жедел жәрдем» көлігінде жан тапсырды деген байлам жасаған. Бірақ футбол саласының басшылары балаға уақтылы көмек көрсетілмегенін айтады. Себебі, Әділ жарты сағатқа жуық клиникалық өлім хәлінде болыпты.

 

 

 

Николай Раздобудько, Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры:

-Мен қауіп төнген сәттен бастап ата-аналармен бірге жүрдім. Ешқандай жабдығы жоқ «жедел жәрдем» алып кетті. Ол таңғы төртке дейін көз ілмеген. Маған салса,жаттығуға жібермес едім.

Ал жедел жәрдем қызметі өздеріне шаң жуытқан жоқ. Біз барғанда тым кеш едідеп отыр. Дегенмен жас футболшы өлімінің себебін енді арнайы комиссия анықтайтын болады.

-Қайғылы оқиға мына алаңда болды. Алаңсыз дайындықты бастаған Әділ оқыстан құлап, командаластарын көмекке шақырған. Бірақ санаулы минуттардан кейін бала ажал құшты. Бұдан екі ай бұрын Екібастұз қаласында да осы секілді қайғылы оқиға болған еді. Жаттығу кезінде соққы алған 14 жасар Қуаныш Жұмабай ауруханада есін жимастан көз жұмды.

Ақпарат КТК арнасының ресми сайтынан алынды.