Араға апта салып, Ақтөбеге Чемпиондар лигасы қайта оралды. Бұл жолғы қарсылас – оңай шағыла қоймайтын румынның азулы «Стяуасы».

Румыниялық жанкүйерлер, бапкерлер мен футболшылардың өзі біздің клубты менсінбей, оңай қалпағын қайырып алатындарын айтқан болатын. Тіпті, қазақстандық футбол мамандары да «Ақтөбенің» жеңісіне сенбейтінін мәлімдеген еді.

Чемпиондарымыз ойынды батыл бастады. Алғашқы шабуылды да алаң иелері ұйымдастырды. 30-секундта орталық алаңда ойын тәртібі бұзылды. Алайда ақтөбеліктердің стандарттық шабуылы соққымен аяқталған жоқ. Бірнеше минуттан соң Марат Хайруллин сол қанаттан қауіпті пас асырды. Қонақтардың бақытына орай, допқа ақтөбелік шабуылшылардың бірі де жете алмады.

Қазақстан чемпионынан мұндай адуынды күтпеген румындар сәл абдырап, тіпті, допқа ұзақ иелік ете алмады.  

Қақпа аңғарына бағытталған алғашқы соққыны да «Ақтөбе» жасады. Оң қапталдан пас алған Маркос Пиззели айып алаңының бұрышынан Арлаускис иелегін нысанаға алды. Алайда соңғысы өз орнынан табылды. 23-минутта жергілікті команда жылдам қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Неко қарсыласынан допты тартып алып, оны Алексей Антоновқа асырды. Украиналық шабуылшы айып алаңына енер тұста Хайруллинге пас берді – соңғысына дәлдік жетіспеді.

Кейін «Ақтөбе» тағы бір ұмтылысын голға айналдыра алмады. Антоновтан пас алған Пиззели үш қорғаушының арасынан құлап бара жатып, соққы бағыттады. Бұл доп та Арлаускис қақпасына қауіп төндірген жоқ.

Қазақстан чемпиондарының қысымы «Стяуа» ойындарыа алдыңғы шепте көсіліп ойнауына мүмкіндік бермеді. Қонақтардың түгелдей дерлік ұмтылысы ақтөбелік қорғаушыларға келгенде аяқталып жатты.  

Командалар үзіліске кетпес бұрын Ақтөбедегі Орталық стадион өкініштен «аһ» ұрды. Алыстан бағытталған соққыны Андрей Сидельников қолында ұстай алмады. Капитанның өрескел қателігін ұтымды пайдаланған Клаудиу Кешеру «Стяуаны» алға шығарып, екіматчтық теке-тіресте алаң иелерінің жағдайын тым қиындатып жіберді. Бірінші тайм бойы басымдыққа ие болған «Ақтөбе» болмайтын жерден гол жіберіп алды.

 Екінші таймның басында «Ақтөбе» пас беруде өте көп қателесті. Ал қолайлы нәтижеге қол жеткізіп алған румындар күш алды.

53-минутта ғана алаң иелері қонақтар қақпасын нысаналады. Армениялық жартылай қорғаушы Пиззели алыстан жерлете соққы жасады, өкінішке қарай, доп қақпа бағанасының қасынан кетті.

«Стяуаның» соққан голы ақтөбеліктерге үлкен соққы боп тисе керек, үзілістен кейін ақтөбенің бірінші таймдағы белсенділігін көру қиын болды.

Десек те, 58-минутта Владимир Газзаев шәкірттері таразы басын теңестіріп, бүкіл қазақстандықтардың үміт сәулесін қайта жандырды. Бұрыштан әуелеген допқа бірініші жеткен Валерий Коробкин айып алаңындағы қарбалас ішінде баспен соққы бағыттап үлгерді. Арлаускис допты кері қайтарды. Алайда футбол снаряды «Стяуа» қақпашысының қолына тимес бұрын қақпа сызығынан өтіп кеткен екен – 1:1.

Бұл гол ақтөбеліктерге шабыт беріп, ойыншылар желдей ұшып, алға ұмтыла бастады. 69-минутта Коробкин «Ақтөбені» алға шығаратын мүмкіндікке ие болды. Тағы да бұрыштан әуелеген допты Валерий жақын бұрышқа туралаған болатын. Алайда тәжірибелі Арлаускис керіле секіріп допты өз иелігіне кіргізген жоқ.  

79-минутта бухаресттіктер Сидельников қақпасынан екінші рет саңлау тапты. Андрей Препелицэнің соққысы ақтөбеліктердің жігерін құм қылғандай.

Бұл голдан кейін алаң иелері жылдам алға ұмтылды. Әрине, өз алаңында жеңілсе, Румынияда істер дәнеме де жоқ.  

Осыны жақсы білетін ел чемпиондары 87-минутта Роберт Арзуманянның көмегімен есепті теңестірді – 2:2. Төреші қосқан бес минутта «Ақтөбе» қанша талпынғанымен үшінші рет гол соға алмады.

Сонымен, тең есеп жеңілгеннен жақсы деуден басқа шара жоқ. Аз да болса, Бухаресттегі матчтан күтер үмітіміз бар.  

«Ақтөбе» – «Стяуа» (Бухарест, Румыния) 2:2 (0:1)

Голдар: 0:1 – Кешеру 44, 1:1 – Коробкин 58, 1:2 – Препелицэ 79, 2:2 – Арзуманян 87

«Ақтөбе»: Сидельников, Царикаев, Хайруллин (Кападзе 55), Неко, Пиззели, Мулдаров, Сантана, Антонов (Зенькович 75), Арзуманян, Мирошниченко, Коробкин.  

«Стяуа»: Арлаускис, Рыпэ, Шукала, Чипчу (Янку 88), Филип, Тэнасэ, Препелицэ, Латовлевич, Кешеру (Лемнару 71), Валера, Попа (Станчу 84).

Төрешілер: Гёчек, Эйсой, Актас (бәрі де Түркия)

Ескертулер: Мулдаров 18, Антонов 65 – Латовлевич 20, Филип 45, Янку 90