Семейлік «Спартактың» шабуылшысы Неманья Йованович «PROСПОРТ» тілшісіне сұхбат берген кезде командасының ҚПЛ-да қалуына шамасы жететінін айтты.

- Неманья, команданың соңғы көрсеткен нәтижесіне қарамастан, «Спартакта» қалғыңыз келеді ме?

- Иә. Маған Семей қаласы ұнайды әрі отбасыма да жайлы.

- «Спартак» премьер-лигада қалуы мүмкін бе?

- Соңғы кездері жақсы ойын өрнегін көрсетудеміз. Жуырда жаңа кезең басталады, егерде осы қарқынмен жалғастыра берсек сонда біз соңғы орыннан көтеріліп, премьер-лигада қалуымыз мүмкін.

- Қаржылық жағы қалай? Жалақы дер кезінде төленеді ме?

- Иә. Дәл уақытында береді жалақыны. Қаржылық жағдайымыз жақсы.

- «Қайратқа» қарсы өткен матчта не кедергі болды?

- Мұндай мықты қарсыласпен әрі осындай стадионда ойнау қиын болды. Менің ойымша, біздің сәл жолымыз болмады. 1:2 есебімен ұтылып жатқанда пенальти тағайындалмағандығы ойын тағдырын өзгертіп жіберді.

- Путрушин кейбір футболшылардың көрсеткен ойынына көңілі толмайтындығын айтты. Ойын соңында не деді?

- Қатты ұрысқан жоқ. Біз қандай жағдайда екенімізді жақсы түсінеміз. Ешкім 1:4 есебімен ұтылғанды қаламайды. Бапкер ертесі бізге қай жерден қате жібергенімізді асықпай түсіндіріп айтты. Ойын соңында босаңсып,бес минуттың ішінде екі гол өткізіп алғанымыз үшін де ұрысып алды.