Нью-Йорктің атақты Мэдисон Сквер Гарден сарайында жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті кездесуін жеңіспен аяқтады. Қазір дүниежүзінің ақпарат көздері Қазақстанның жетістіктері жайлы жарыса жазуда, деп мәлімдейді Kazakh tv арнасы.

Милтон АЛЛИМАДИ, "THE BLACK STAR NEWS" СПОРТ АГЕНТТІГІНІҢ ШОЛУШЫСЫ:- Геннадий Головкинді барлығымыз жақсы білеміз. Ол үнемі шынығады, соққылары жойқын. Енді ол өз салмағындағы Сауль Альварес, Мигель Котто және Хулио Сесара Чавес секілді даңқты боксыларымен шаршы алаңда кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Геннадий Головкин немесе қазір АҚШ-та Трипл Джи аталып кеткен жерлесіміз бұл жолы да кездесуін ерте аяқтады. Мэдисон Сквер Гарденге жиналған мыңдаған жұрт Головкиннің жеңісіне ә дегеннен-ақ шүбә келтірмеді десе болады, тек кездесу бар болғаны 9 минутқа созылды, тіпті, Дэниэл  Гилдің өзі күтпесе керек. Алғашқы раундта сүрініп құлады, кейін нокдаун, сосын нокаут. Кездесуден соң экс-чемпионның жаттықтырушысы Гари Шоудың өзі біздің боксшының шеберлігін лажсыз мойындады.

Гари ШОУ, ДЭНИЭЛ ГИЛДЫҢ ПРОМОУТЕРІ:- Қазақстан халқы Головкинді мақтан тұтуы керек. Оның нәтижелеріне еріксіз сүйсінесің, өте керемет боксшы.  Бастысы ол шаршы алаңның сыртында да адамгершілік қасиетінен арылмайды. Бұл өте маңызды.

Ал , австралиялық журналистер Геннадий Головкинді жойқын күш, ерекше қабілет иесі деп атап кетті. Геннадидің Гилмен кездесуінен кейін австралиялық радио комментаторы тікелей эфирден «Мен кәсіби деңгейдегі сайыстарды 30 жылдан бері көріп жүрмін. Бұл кездесуді асыға күткен едім. Головкин барлық мағынасыда фаворит», - деді.