Ауыр атлетикадан Олимпиада және Әлем чемпиондары қазақстандық Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло «Алматы облысындағы пәтерлерімізден айырылып қалуымыз мүмкін», деп мәлімдеді Қазспорт арнасы Vesti.kz порталына сілтеме жасап.

«Талдықорғандағы пәтерлерді бізге сыйлағанына жақында тура бес жыл болады. 2009 жылы Әлем біріншілігін жеңіп келгенімізде берген. Алайда, осынша уақыт өтсе де мүлік әлі біздің атымызға аударылған жоқ. Жайлы екі бөлмелі пәтерлерді маған, Майяға, Зүлфияға және Владимир Седовқа сыйлаған болатын.

Мүлікті рәсімдеу мәселесі шешілмей, бізге тағы бір чемпионатты жеңіп келіңдер, сонда аударамыз деп уәде берген. Біз мұнан кейін тіпті, Олимпиаданы бағындырдық. Алайда, уәде айтылған жерінде қалды. Менің ойымша, егер біз спорттан кетсек, бұл пәтерлерді қайта тартып алады.

Бұл мәселемен Алматы облысының әкіміне екі рет кірдім. Ол мәселені шешетін сыңай танытқан. Алайда, іс әлі алға жылжыған жоқ. Қолымызда бары - тек жалға алу туралы келiсiм», - дейді Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова.