Қазақстан Премьер Лигасының 21-ші турында алматылық «Қайрат» пен семейдің «Спартак» клубы күш сынасты.

Чемпиондыққа үміткер мен аутсайдер кездескен бұл матчта қай команданың жеңіске жететіні белгілі еді. 

Вайсстың шәкірттері бірінші минуттан басымдыққа ие болды. Қарсыласты қыспаққа алған  алматылықтар сегізінші минутта есепті ашты. Сол қапталдан көтерілен допқа бірінші болып аяғын тосқан Кислицын алғашы голды атына жазды. Есеп бойынша алға шыққан «Қайрат» ойыншылары шабуылға араласуға асықпады. Тіпті бір сәтке босаңсыған «Қайрат» ойыншыларын семейліктер лезде жазалап кетті. Йованович бұрыштама кезінде бәрінен биік секіріп, баспен допты қақпаға «шегеледі». Хомич бұл соққыны күтпегендей, абдырып қалды – 1:1.

Жігерленген Петрушкиннің шәкірттері шабуылға батыл түрде шыға бастады. Бірде қақпадан қиыс кетіп жатса, бірде «Қайрат» қорғаушыларынан ары аса алмады. 25-ші минутта оң қапталдан басталған ұмтылысты Кислицын жойқын соққымен түйіндеді. Алайда қақпаның «тоғыздығына» бағытталған доп бағытынан жаңылысып, Рихардтың иелігене аса бір қауіп төндіре қоймады. Кислицынның екінші мәрте жасаған соққысы да нәтиже бермеді. Алғашқы таймың соңғы минуттары алаң иелерінің сүреңсіз шабуылдарымен есте қалды. Ал «Спартак» қорғаушылары жіберген қателіктерінен кейін, барынша сауатты ойнауға тырысқан.

 

 

Екінші тайм басталысымен «Қайрат» футболшылары есепте алға шығуға талпынды. 56-шы минутта қақпа маңындағы қарбаласта Исламхан пасымен Жерарды дәл тапты. Ивуарлық шабуылшы бір метр жерден бос қақпаға допты сырғыта салды. «Қайрат» бұл голды да қанағат тұтпай, үшінші рет қақпаны дәл көздеуге тырысып баққан. 75-ші минутта семейлік ойыншы Ерсәлімовке қарсы айып алаңында ереже бұзылды. Семейліктер пенальти береді деп күткенде, бас қазы Виктор Антонов ойыншының әрекетінен симулация байқап Азатқа сары қағаз көрсетті. Артынша ойын қыза түсті, бар болғаны бес минут ішінде алаң иелері «Спартак» қақпасына екі гол тоғытты. Алдымен Исламхан Исаэлді қақпашымен жеке дара шығарды, ол бірден допты Гоуға асырды. Жерар оңтайлы сәтте мүлт кетпеді. Айтып ауыз жиып үлгергенше Кислицын бүгінгі матчтағы екінші голын соғып, есепті қорытыланды – 4:1.

 

 

Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. 21-ші тур.

«Қайрат» (Алматы) - «Спартак» (Семей) - 4:1 (1:1)

Голдар: Кислицын 5, 87, Гоу 57, 86 – Йованович 17

«Қайрат»: Хомич, Гурман, Кислицын, Куантаев, Смаков, Плиев, Кнежевич, Бакаев, Байтана (Исаэл 77), Исаэл, Едигарян (Исламхан 45), Гоу

Қосалқы құрам: Ткачук, Михалик, Лунин, Исламхан, Риера, Дарабаев, Куантаев

«Спартак»: Рихард, Генев, Ерсалимов, М. Азовский, Овшинов (Сагындыков 67), Йованович, Е. Нургалиев (Ахмеев 65), Рудик, Г. Обрадович, Авагян, Куцов

Қосалқы құрам: Бойченко, Сагындыков, Нурлыбаев, Ахмеев, Дюлгеров

Төрешілер: Антонов (Павлодар), Шарипов, Ходин (екеуі де -  Атырау)

27 шілде 2014 жыл Алматы қаласы. Орталық стадион.