Иә, Думан Нәрзілдаев үшін биылғы маусым сәтті басталмаған еді. Жарақаты кедергі болды. Әйтседе, уақыт өте келе жасыл алаңнан өз орнын тапқан жартылай қорғаушы бүгінде «Қайсарды» өрге сүйреп жүрген нағыз өрендердің біріне айналды. Талдықорғандықтармен болар ойынның қарсаңында клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берген Думан «Жетісуды» да қалайда жеңу керектігін айтты.

 

- Думан, «Жетісуды» бұған дейін Талдықорғанда жеңгенбіз. Сол ойын есіңде ме?- Әрине, есімде. Кездесудің аяқталуына 10 минуттай қалғанда алаңға шыққанмын. Екі минуттан кейін айып добын орындадым да, Струков гол соққы. Біз жеңіске жеткенбіз.

- Жалпы, «Жетісу» жайлы не айтасың? Осы жолы да жеңетін шығармыз?!- Өкшемізді басып келе жатқан команда ғой. Талай мықтыларды ұпайсыз қалдырды. Қарымды команда. Үздік алтылықтан әлі де үміттері бар. Сондықтан, босаңсуға болмайды. Дегенмен, қалай болған күнде де жеңуіміз керек.

- Талдықорғандықтардың құрамында кімдерді танисың? Қай футболшылардан бізге қауіп келуі мүмкін?- Шынымды айтсам, ешкімді танымайды екенмін. Жоқ, бұл «Жетісудың» құрамы нашар дегенім емес. Өзім үлкен футболға енді ғана аяқ басып келемін ғой. Әлі Қазақстандағы ойыншылардың барлығын біліп үлгере қойған жоқпын. Жалпы, «Жетісудың» ойыншыларын танымасам да, қаншалықты қарымды команда екенін жақсы білемін.

- «Жетісудан» кейін түзде «Ордабасымен» ойнаймыз. Екі ойыннан қанша ұпай еншілей аламыз?- Неде болса, екі кездесуде де жеңіске жетуге тырысамыз. Оның үстіне, Шымкентке жанкүйерлердің баратынын естідім. Оларды да қуантқымыз келеді. Бәрі де жанкүйерлер үшін ғой. Олардың қолдаулары әсіресе сырт алаңда – біз үшін өте маңызды. Ақтөбеде бізге керемет қолдау көрсетті. Шынын айтсам, сырт алаңда жанкүйерлерің қолдап жатса, денең тітіркеніп, ерекше әсерде болады екенсің. Жылағың да келіп кетеді. Ойыннан кейін барлығына жеке-жеке рахмет айтып, құшақтап алғың келеді. Олардың бізді қалай жақсы көретінін білеміз. Біз де жанкүйерлеріміз үшін барымызды саламыз.

- Үздік алтылыққа енуге бір табан жақын тұрмыз. Екі ойында бір ұпай алсақ жеткілікті, үздіктер қатарынан орын аламыз. Бапкерлер алқасы чемпионаттың екінші кезеңіне қандай мақсат қойып отыр?- Алдымен бірінші кезеңді аяқтап алайық, содан кейін бізді жаңа мақсаттар, жаңа тапсырмалар күтіп тұрғаны анық. Біз өз тарапымыздан бәріне де дайынбыз. Жалпы, «Қайсардың» әлеуеті үздік үштікке таласуға жетеді деп ойлаймын. Өйткені, өздеріңіз де көріп жүрсіздер, Премьер-лигадағы командалардың шамалары деңгейлес. Мәселен, «Шахтерді» өз алаңымызда ұтсақ, сыртта ұтылдық. Сол сияқты «Астананы» да бір рет ұтып, бір ұтылғанбыз. Сондықтан, жасыл алаңда барымызды салар болсақ, жүлдегерлер қатарынан көрінуге шамамыз жетеді.

- Думан, маусым сен үшін аса сәтті бастала қоймады. Есесіне, қазір негізгі құрамнан ойып тұрып орын алдың...- Иә, басында жарақатым маза бермей, қысқы маусымаралық жаттығу жиындарына жөнді қатыса алмадым. Содан тәжірибе де жетіспей, маусымды ала-құла бастадым. Қазір, Аллаға шүкір, жарақатымнан толық айықтым. Енді негізгі құрамдағы орнымды ешкімге бермей, командама пайдамды тигізуге тырысамын.

- Жалпы, бас бапкер Дмитрий Огай сенен не талап етеді? Жасыл алаңда қалай ойнауыңды сұрайды?- Қапталмен ойқастауым керек. 90 минут бойы дамыл таппауымыз қажет. Сондай-ақ, қорғанысқа да, шабуылға да бірдей араласуымызды сұрайды. Жеке өзіме келсем, менің міндетім – шабуылшыларға гол соғатын пастар шығарып беру, шабуылды жандандыру.

- Соңғы сұрақ. Қызылордада өткен соңғы ойынның соңғы минутында бас төреші қарсылас қақпасына өте қауіпті айып добын белгілеген болатын. Жұрттың барлығы сен тебеді деп күтті. Бірақ, Милан Яблан орындады...- Мен де сол нүктеге жүгіріп бардым. Бірақ, мен тебетін жер емес екен. Мен көбіне айып доптарын алыстан орындаймын және соққыны күшпен жасаймын. Содан айып добын орындау міндетін өзгелерге қалдырдым. Ал Милан бұл нүктеден айып соққысын жасаудың шебері. Техникамен орындайды. Жаттығуларда гол соғып жүретін. Дегенмен, сол күні жолы болмады.

Ақпарат клубтың ресми сайтынан алынды.