Аула футболы арқылы бұқаралық футбол мен балалар футболын дамыту Қызылорда облыстық футбол федерациясының басты мақсаттарының бірі.

Иә, расымен де бұқаралық футболдың дамуы аула аяқдобынан басталады. Бұған мысал келтіру үшін алыстан орағытудың қажеті жоқ. Бала біткеннің кумирі екі Роналдоның қай қайсысының да аяқдоппен ең алғаш көшеде доп теуіп танысқанын айтсаңыз жеткілікті. Бұл екеуі ғана емес, жалпы бразилиялық жұлдыздардың барлығы көшеде жалаңаяқ доп теуіп өскен футболшылар десек артық айтқандығымыз емес. Ал кеше ғана әлем чемпиондары атанған Германияда балалар футболы тіптен ерек дамуда. Нақты айтсақ, немістердің әр аудан, әр округының өз футбол орталықтары бар. Барлығын қосқанда Германияда 350-ден астам футбол орталығы жұмыс жасап тұр. Нәтижесінде сарапшылар немістер елінде 2 миллионнан астам жас футбол таланттары бар деп есептеп шығарыпты. Олар 16 жасында-ақ кәсіпқой футбол клубтарымен келісімшартқа отыруда.

 Балалар футболын аула аяқдобы арқылы дамытуды Сыр өңірі де қолға алған. Облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда 320 шағын спорт алаңы пайдалануға беріліпті. Қаладағы аулалардың басым бөлігі шағын футбол алаңдарымен қамтылған. Әлбетте, алаңдардың көлемі ересектерге лайықталмаған. Бірақ 6-15 жастағы жеткіншектер үшін доп тебуге таптырмас орындар. Бүгінде Қызылорда қаласының қай ауласын араласаңыз да бос жатқан шағын футбол алаңын байқамайсыз – таң әлекеуімнен қас қарайғанша асыр салып, доп қуалап жүрген балдырғандар.

Сондай аулалардың біріне арнайы ат басын бұрып, балақайлардың ойынын тамашалап қайтқанбыз. Жиырма шақты бала өзара бірнеше командаға бөлініп алыпты. Ұтқан команда алаңда қалып, ұтылғаны кезегін күтіп, сыртта тұр. Жаттықтырушылары да бар секілді. Ақырын барып сөзге тарттық.

 

 

- Геннадий Александрович деп атасаң да болады. Мен осы ауладағы балалар футболына жауаптымын, - деді ысқырығын мойнынан шешіп, жанымдағы сәкіге жайғасқан ел ағасы жасындағы кісі.

Геннадий Александрович кезінде өзі де кәсіпқой футболшы болған. Бүгінде қаладағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қосымша «Қайнар» спорт клубында нәпақа табады. Ал «Қайнар» — Қызылорда облыстық футбол федерациясының қаладағы аула футболын дамыту жөніндегі басты серіктесі.

- Әр ауланың өз бапкерлері бар. Мен мәселен, осы аулаға жауаптымын, – деп жалғастырды әңгімесін әрі қарай Геннадий Александрович. – Күнделікті кешкісін алаңға келемін де, балаларды жинап футбол ойнатамын. Арасында ерекше мәнерімен көзге түскен балдырғандар болса, қаладағы футбол үйірмелерінің, «Қайсар» футбол орталығының, сондай-ақ, ОБЖСМ жаттықтырушыларына хабарласып, командасына алуына кеңес беремін. Осылайша «арпа арасынан бидайларды іріктеуге» тырысамыз. Ара-тұра аула мен ауланы кездестіріп, жолдастық ойындар ұйымдастырамыз.

- Кішкентай балалардың арасынан таланттарды табу қиын емес пе?

- Ешқандай да қиындығы жоқ. Баланың футболға қабілеті 12 жасында-ақ белгілі болады. Сол кезде-ақ ол баладан қандай футболшы өсіп шығатынын болжай аласың. Бірақ, қазір бос жүрген бала некен-саяқ. Бірі боксқа барса, енді бірі күреспен айналысады екен. Сондықтан, арасынан жанып тұрған баланы көрсек, футболға қатыс деп үгіттейтін кездер де болады.

Жалпы, соңғы кездері Сыр футболы жақсы қарқынмен дамуда. Бұған өткен жылы аймақтық футболдың басшысы ауысып, Федерация Президенті қызметіне облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтың келгені серпін болса керек. Содан бері аймақтық футболды дамытудың 213-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, сол бойынша біраз шаруалар атқарылуда. «Қайсар» футбол клубының базасы толық қайта жөнделіп, команданың өзі Премьер-лигада үздіктер қатарында. «Байқоңыр» атты сыр өңірінің екінші командасы құрылып, ол келесі жылы Бірінші лигада өнер көрсетуден үмітті. Сондай-ақ, алдағы уақытта Сырдарияның арғы жағалауынан «Қайсар» футбол клубының заманауи академиясын салу, 3 мың көрерменге арналған жабық манеж және 10-12 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарда бар. Бұларда бөлек, биылдан бастап аудандарға жеті, қалаға үш шағын футбол алаңынан салу жобасы қолға алынған. Оның бірі пайдалануға беріліп те қойды. «ҚазГерМұнай арена» аталған әлгі алаңда бүгінде доп тебушілер жеткілікті. Ал тағы бірі – Илья Ильин атындағы футбол алаңының құрылысы қыркүйек айында аяқталады.

Ақпарат Қызылорда облыстық футбол федерциясының ресми сайтынан алынды.