УЕФА Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Эсбьерг қаласында жергілікті командамен келесі кезең жолдамасын сарапқа салды. Оңтүстік астанада өткен алғашқы ойында қос ұжым тең тарқасқан еді, енді қарымта кездесуде қалай болса да жеңіске жету керек болды.

Алғашқы минуттар «Эсбьерг» командасының сенімді қимылдарынан басталды. Бірінші қауіпті шабуылды жергілікті команда жасады. Даниялықтар орта шеппен «Қайраттың» қорғанысын бұзып жарып, соққы бағыттады. Алдымен Фелланың тепкен добын «Қайраттың» қақпашысы тосса,екінші деммен жасалған соққыны Хомич сәтті қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды.  «Эсбьерг» ойыншылары ойын басымдығын өз қолдарына алып, әлсін-әлсін шабуылдармен көзге түсті. Сондай бір ұмтылыс қауіпті шықты. 24-ші минутта алғашқы кездесуде командасын жеңілістен құтқарып қалған Фелла Хомичтің қыралығын тексеріп көрді. Алайда «Қайраттың» қақпашысы өз орнынан табылды. Бұрыштама добы көтерілгеннен кейін Пучиш баспен соққы бағыттап көрді. «Қайрат» сапында алғашқы соққы Заурбек Плиев жасады. Исаэл әуелетіп көтерген добын Плиев қақпаға бағыттағанымен, оған дәлдік жетіспеді. 38-ші минутта алматылық қорғаушыларының өрескел қателігінен кейін Анкерсен есепті ашып кетті. Михалик қақпа мңында доптан айырылғаннан кейін, Анкерсен екі қимылмен Хомичті қапы қалдырды. Қақпасына гол жібергеннен соң Вайсс шәкірттері шабуылға белсене кірісе бастады. Кнежевичтің асырған пасынан кейін Исаэл қақпаның маңдайшасын дәл көздеді. Бірінші таймның қалған бөлігі тең дәрежеде өтті. Алаң ортасында ойқастаған доп қос қақпаға барғысы жоқ, тек қорғаушылардан кері қайтқан сансыз ұмтылыстар мен шабуылдар өз жемісін бермеді. Осылайша демалысқа Фредриксен шәкірттері бір доп басымдығымен аттанды.

 

 

Екінші тайм «Эсбьергтің» басымдығымен басталды. Тіпті есеп мәнін ашқан Анкерсен тағы да қанжығасын майлап кете жаздады. «Қайрат» қорғаушылар қапы қалдырып барып соққы жасаған Анкерсеннің соққысын Хомич өте сәтті қайтарды. Қауіпті жасалған шабуылға Вайсс шәкірттері жауап қайтаруға тырысты. Бакаев шабуылға араласып, қақпа маңында тұрған Кнежевичке пас берді, ал Йосип өз кезегінде бағын сынап көріп еді, алайда доп қорғаушыға тиіп, бар болғаны бұрыштама добын алып берді. 60-ші минутта Нильсен Хомичті мазалады. Оның екі қорғаушыдан айласын асырып барып, қақпаның жақын бұрыштығын көздеп тепкен добы «Қайрат» қақпашысының оңай олжасына айналды. 66-ші минутқа жақындағанда Вайсс шәкірттері есепті ашып кете жаздады. Исаэлдің қақпа алаңының сыртынан бағыттаған соққысын Дубравқа қиындықпен тойтарды. «Қайрат» ойыншылары есепті теңестіруге тырысып бақты. Кезекті шабуылда Йосип Кнежевичтің тепкен добы қақпаның бағанасынан биік кетті. Соңғы бағалы минуттар сырғып жатты. Вайсс шәкірттері қанша шабуылдап баққанымен Дубровка қақпасынан саңылау таба алмады.

Осылайша, біздің клубтар үшін сәтті созылған Еурокубок жарыс жолынан бір командамыз шығып қалды. Сегіз жылдан кейін Еуроалаңда қайта оралған «Қайрат» қайратсыздығын көрсетіп, сырт алаңда азулы «Эсбьергтен» жеңіліс тапты.

 

Еуропа Лигасы. Екінші іріктеу кезеңі

«Кайрат» - «Эсбьерг» 0:1 (0:1)

Голдар: 38’ Анкерсен

«Эсбьерг»: Дубравка, Якобсен, Эдди Гомеш, Лаурсен, Бергвольд, Леквен, Й. Андерсен, Я. Андерсен, Фелла, Нильсен, Пушич;«Кайрат»: Хомич, Плиев, Кислицын, Смаков, Куантаев, Михалик, Исламхан, Бакаев, Гоу, Исаэл, Байтана.

24 шілде 2014 жыл. Дания