Кешегі Чемпиондар лигасындағы «Ақтөбенің» ерлігінен кейін бүгін Еуропа лигасынан да күтер сыйымыз мол. Қазақстандық үш клубтың ішінде алғашқы боп іске араласқан қарағандылық «Шахтер» өз алаңында литвалық «Атлантасты»  қабылдады.

Алғашқы ойындағы тең есеп «кеншілердің» жанкүйерлеріне үшінші іріктеу кезеңіне үлкен үміт берді. Ол үшін қарағандылықтарға қалай да жеңу қажет, ал нәтижелі тең есеп қонақтарды келесі кезеңге шығараратын еді.

Ойын «Шахтердің» шабуылдарымен басталды. «Кеншілердің» ұмтылыстары бірінен соң бірі қауіптірек болып, қонақтардың біраз абдыратып тастады.

Алайда қақпа аңғарына бағытталған алғашқы соққыны «Атлантас» ойыншылары жасады. Андрюс Йокшастың алыстан тепкен добы Мокин қақпасына қауіп төндірген жоқ.

Бірінші таймның алғашқы бөлігінде жанкүйерлер ешқандай қауіпті шабуыл көре алмады. Ойын көбіне күреске толы өтті. Гедиминас Вичюстың ауттан асырылған дәстүрлі пастары айып алаңында қарбалас тудырғанымен, «Атлантас» қақпасына соққы жасалмады.  

Матчтың басталғанына жарты сағат болғанда «кеншілер» жылдам қарымта шабуыл жасады. Оң қанат арқылы өрбіген доп орта тұстағы Финонченкоға жетті, капитан оны Никола Покривачқа қалдырды, соңғысы оңтайлы жерден допты қақпадан биікке жіберді. 39-минутта осындай қарымта ұмтылыстардың бірінде Андрей Финонченконың өзі іске кірісті. Оң қанаттағы Топчагичтің әуелеткен добын Андрей баспен қақпаға көздеген болатын. Теңбіл доп қақпадан биік кетіп, жанкүйерлер «аһ ұрды». Араға санаулы минуттар салып Финонченко тағы бір шабуылды текке кетірді. Қақпашымен бірге-бір қалған ол соққы бағыттады. Алайда доп қақпашы Галдикастың беліне тиіп, алаңнан шығып кетті.

Екінші тайм қарағандылық жанкүйерлердің қуанышымен басталды. 46-минутта бұрыштан әуелеген доп қорғаушылар арқылы серіпіліп барып Михрен Топчагичтің аяғына жетті. «Шахтердің» шабуылшысы мүлт кеткен жоқ.

57-минутта Галдикас қақпасына екінші рет гол кірді. Алайда Қонысбаев соққан голда қапталдағы төреші Кировтың ойыннан тыс қалғанын көрген екен.

Десек те, Ұлан араға төрт минут салып дегеніне жетті. Қорғаушыларды артта қалдырған хавбек Галдикаспен бірге-бір қалды. Бұл дуэльде Қонысбаев жеңімпаз атанып шықты – оның жасаған соққысы бағанаға тиіп, қақпа сызығынан өтіп кетті.  

Бұл есептен кейін «кеншілер» еркін ойнай бастады. Алғашқы голдан кейін Виктор Кумыков шабуылда сенімдірек ойнаса, қонақтарға тайлы-тұяғымен алға ұмтылуға тура келді.

73-минутта Топчагичтің дубль жасайтын мүмкіндігі болды. Алайда доп діттеген жерге жеткен жоқ. Санаулы минуттан соң, Қонысбаев та екінші рет қанжығасын майлауға жақын қалды. Бұл тұста қақпашының шеберлігі үстем болды.

Бізге кешегі «Ақтөбе» - «Динамо» ойыны қайталанып жатқандай көрінді. Төреші қосқан қосымша уақытта алаңға тыңнан қосылған жас шабуылшы Роман Муртазаев ойынды түйіндеді – 3:0.

Осылайша қазақстандық клубтардың еуротурнирдегі жеңіліссіз сериясы жалғасын тауып, «Шахтер» үшінші кезеңге шықты. «Кеншілердің» келесі қарсыласы ирландияда «Дандолкты» 2:0 есебімен қапы қалдырған хорватиялық «Хайдук» болуы әбден мүмкін.    

Шахтер – Атлантас 3:0 (0:0)

Голдар: 1:0 – Топчагич 46, 2:0 – Қонысбаев 61, 3:0 – Муртазаев 90+3  

Шахтер: Мокин, Джидич, Малый, Масло, Симчевич, Вичюс, Конысбаев, Покривач (Байжанов 68), Киров, Топчагич (Мурзоев 84), Финонченко (Муртазаев 89).

Атлантас: Галдикас, Йокшас, Гнедоюс, Емелин, М. Казлаускас, Барткус, Д. Казлаускас, Папшис, Жукаускас (Ракаускас 80), Элиошюс (Максимов 62), Крушнаускас (Баранаускас 72).

Ескертулер: Қонысбаев 52, Симчевич 56, Топчагич 66 – Жукаускас 36, Д. Казлаускас 52, Гнедоюс 55