26 шілде күні Нью-Йорктегі әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» алаңында жерлесіміз бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин жекпе-жекке шығады, деп мәлімдейді 24kz арнасы.

Бұл жолы оның қарсыласы австралиялық Дэниэл Гил болмақ. Кездесу қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадийге жеңіс тілейтінін білдіріп, ізгі тілегін жеделхат арқылы жолдады. Бүгінде орта салмақтағы бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин журналистермен кездесулер өткізіп, жарысқа тас-түйін әзір екендігін айтуда. АҚШ-тағы тілшіміз Майра Қабиева хабарлағандай, бүгін Нью-Йоркте өткен баспасөз-мәслихатында Геннадий жекпе-жек оңайға түспейтінін айтқан. Спортшының айтуынша, екі мәрте әлем чемпионы атанған Дэниэл Гил – өте мықты қарсылас. Геннадий Головкинге Елбасының жолдаған жеделхатын қазақстандық дипломаттар тапсырды. Онда «Қазақстандықтар сенімен бірге!» деп жазылған.

 Геннадий Головкин, бокстан әлем чемпионы:

- Мен өте қуаныштымын. Мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа маған қолдау көрсеткені үшін дән ризамын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Өз жерлестерімнің де қолдау танытқандарына қуаныштымын. Жарысқа әзірлік жақсы жүріп жатыр. Аяқталуға жақын, 2-3 күн қалды. Бәріміз бәсекені күтіп отырмыз. Көңіл-күйім тамаша. Барлығы да ешбір кедергісіз ойдағыдай өтуде. Мен осыған қуанамын және өз командама разымын. Бәріне денсаулық тілеймін. Боксты қарап, бокс жанкүйері болыңыздар! Бірде-бір соққыны қалт жіберіп алмаңыздар!

 Айта кетейік, Геннадий Головкин ертең Нью-Йоркте екінші баспасөз мәслихатын өткізеді. Мәслихатқа оның қарсыласы Дэниэл Гил да қатысады. Спортшылардың біздің арнаға арнайы сұхбат беруі де жоспарланған.