Қазақстандық маман Юсуп Шәдиев «Ақтөбенің» Чемпиондар лигасының плэй-офф кезеңіне өту мүмкіндігіне бағасын берді.

«Кеше жақсы ойын болды, гол салынғанға дейін тең деңгейде өтті. Қарсыласының қателігін пайдаланып, гол соқты. Жарады. Маған «Ақтөбенің» кешегі ойыны ұнады, өз қақпасының маңайында ойнамай, ашық футбол көрсетті, барлық ойыншылар осы матчқа жақсы дайындалған. «Динамо» да аз тер төкпеді, себебі клубтың намысы бар ғой. Соңғы матчтарда «Ақтөбе» физикалық тұрғыда көп қосқан және бір тәртіпке бағынып ойнайды. Матч бойы «Ақтөбе» үшін уайымдап отырдым.

Келесі кезеңде «Ақтөбеге» «Стяуамен» кездесуге туралы келеді, бұл – мықты клуб. Ол 1986 жылы Чемпиондар кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) жеңіп алған. Бұлар Румынияның тісқаққан командасы, ел чемпионы. Румыниялық футболдың грузиялықтардан қаншалықты мықты екенін білмеймін. Бұл қарсыласқа қарсы қиын болады, оның үстіне, бірінші матчты өз алаңымызда өткіземіз. Өз алаңымызда алға ұмтылуымыз, шабуылдауымыз қажет және қақпамызға гол жіберіп алмауымыз керектігін ұмытпауымыз керек. Өз алаңымызда гол жіберіп алсақ, қонақта одан да қиын болады ғой. «Стяуаның» ойынын көрмегелі көп болды, сондықтан бұл клубтың қандай екенін айту қиын, бірақ, қалай дегенде де, қарсыласымыз оңай емес. Сондықтан келесі кезеңге өту үшін қос команда да 50 де 50 мүмкіндікке ие», - деді Шәдиев.

Естеріңізге сала кетсек, «Ақтөбе» мен «Стяуа» арасындағы алғашқы ойын 29-30 шілдеде Ақтөбеде өтсе, қарымта матч 5-6 тамызда Бухарестте болады.