Қазақстандықтардың еурокубоктағы сәтті бастамасын «Ақтөбе» де жалғастырды. Тбилисидегі жеңістен кейін, ел чемпиондарының келесі кезеңге өтпеуге құқы болған да жоқ.

Еурододада «Ақтөбенің» өз алаңындағы ойыны жанкүйерлер үшін белгілі бір «дәстүрмен» басталады – билеттің тапшылығы. Ендеше, матчты өз көзімен көру үшін бар қиындықтан өткен жанкүйерлердің Владимир Газзаев шәкірттерінен талап етері біреу – жеңіс.

Өз алаңында ұтылып, қиын жағдайға түскен қонақтар бірден іске кірісті. Алайда олардың ұмтылысының бәрі де қорғаныстан әрі аспады. «Ақтөбе» де білек сыбанып шабуылдамады. Сондықтан алғашқы минуттарда Сидельников пен Лорияның жұмысы көп болған жоқ.

Динамолықтар көбіне алыстан бағытталған соққыларға иек артты. Ал ақтөбеліктер қос қанатты іске қосып, қарсыласының айып алаңына пас асырумен болды. 19-минутта қақпа аңғарына алғашқы соққы жасалды. Мулдаровтың қателігінен кейін қонақтар есеп аша жаздады. Абырой болғанда, Сидельников орнынан табылды. Алаң иелері де қарап қалмады. Бұрыштан басталған шабуыл Лория қақпасына қауіп төндірді. Алайда Антоновтың пасынан кейін Пиззели мен Коробкин оңтайлы тұстан допқа жете алмады. Араға санаулы минуттар салып Антоновтың пасымен Хайруллин өз командасын алға шығаратын мүмкіндікке ие болды. Алайда ақтөбеліктердің 10-шы нөмірі мүлт кетті. Уақыт өте жергілікті команда қарсыластарын қорғанысқа ығыстыра бастады. 33-минутта Маркос Пиззели айып добын дәл орындады. Доп тағы да Лорияның қолынан табылды.

Пиззели мен Антонов алыстан Лорияның қырағылығын тағы бір тексеріп көрді. Алғашқысы нысанадан қиыс кетсе, екіншісінің бағыттаған добы қақпашының оңай олжасына айналды. «Ақтөбе» қанша талпынып баққанымен, командалар үзіліске 0:0 есебімен аттанды.   

Екінші таймның басында қос команданың да анау айтарлықтай мүмкіндігі болмады. Жанкүйерлер бар даусымен ақтөбеліктерді алға жұмсады. Стадионның ішіндегі көрермендерден бөлек, матчты сырттағы үлкен экраннан қарауға мәжбүр болған жанкүйерлердің де даусы футболшыларға дем берді. 59-минутта Антоновта тамаша мүмкіндік болды – айып алаңында Хайруллиннен пас алған ол бірден қақпаны нысаналады. Доп қорғаушыға тиіп, алаңнан шығып кетті.

Грузиялықтар үзілістен кейін өте дөрекі ойнады. Тіпті, қақпашы Лорияның өзі сары қағазбен «марапатталды». 69-минутта осындай ереже бұзулардың бірінде төреші қақпаға жақын жерден айып добын белгіледі. Антонов оң аяғымен жақын тоғыздықты көздеген болатын, Лория керіле секіріп, допты алып шықты. 70-минутқа дейінгі ең қауіпті шабуыл осы болды.     

75-минутта жанкүйерлер көп күткенін голын тойлады. Хайруллиннің сол қанаттан асырған добына бірініші жеткен Алексей Антонов секіріп барып, Лория қақпасының жақын бұрышын дәл көздеді. Бұдан шабыттанған жанкүйерлердің орындауында стадионда бірнеше мәрте толқын «тулады».

Жанкүйерлердің осындай әдемі көрінісіне футболшылар тиісінше жауап қатты. 82-минутта ойынға тыңнан қосылған Игорь Зенькович допқа алғаш жанасуымен-ақ есепті еселеп тастады– 2:0. Бұдан кейін де Қазақстан чемпиондары есепті  еселейтін мүмкіндіктерге ие болды. Керекті нәтижеге қол жеткізіп алған ақтөбеліктер түрлі әдіспен қарсыласына шеберлігін көрсетті. Бұл аз болғандай, төреші қосқан қосымша уақытта Абат Айымбетов ойынның нкүтесін қойды – 3:0.

Грузиядағы жеңістің жәй ғана сәттілік еместігін «Ақтөбе» бүгін дәлелдеді. Қарсыласын 3:0 есебімен тас-талқан еткен біздің жігіттер үшінші кезеңде Румынияның «Стяуасымен» теке-тіреседі.   

 

 

Ақтөбе – Динамо 3:0 (0:0)

Голдар: 1:0 – Антонов 75, 2:0- Зенькович 82, 3:0 – Айымбетов 90+5

Ақтөбе: Сидельников, Санатана, Антонов (Зенькович 81), Мулдаров, Царикаев, Мирошниченко, Пизелли (Тағыберген 84), Неко (Айымбетов 86), Хайруллин, Коробкин, Арзуманян.

Динамо: Лория, Хурцилава, Тотадзе, Меребашвили (Марцваледзе 63), Джорда, Григалашвили, Апава (Вуо 77), Хиско, Досоудил, Гвелесиани, Дзария.   

Ескертулер: Антонов 15, Мулдаров 45 – Хиско 45, Тотадзе 57, Хурцилава 60, Лория 65, Вуо 90+1