Қазақстан футбол федерациясының арнайы құрылған комиссиясы бірнеше отырыс өткізіп, оған «Тобыл» футбол клубының директоры Талғат Баймұратов пен аталмыш команданың ойыншысы Никола Тоневті шақыртты, деп хабарлайды футбол федерациясының ресми сайты.

Алайда футболшы комиссия мәжілісіне келмеді. Осыған байланысты «Тобыл» футбол клубының өкілдері бүгінде Никола Тоневтің команда сапында жоқ екенін хабарлады.

Бұдан бөлек, Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Миграциялық полиция комитетіне Никола Тоневтің жеке куәлігі мен төлқұжатының көшірмесін жолдап, футболшының азаматтығының растығы жайында сұрау салды. Бұл «Тобыл» футбол клубының 2014 жылғы маусым басында ел чемпионатына ойыншыларды тіркеу кезінде Қазақстан футбол федерациясына өткізген құжаттары болатын.

Қазіргі таңда Федерация ІІМ мен «Тобыл» футбол клубынан жауап күтуде. Клуб тарапы бұл жайында хат жүзінде әлі жауап жолдаған жоқ.

Бұған дейін хабарланғандай Қазақстан футбол федерациясы вице-президент Олжас Абраевтың басшылығымен арнайы комиссия құру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл комиссия жекелеген футболшылардың Қазақстан Республикасы азаматтығын заңды жолмен алған-алмағандығын анықтаумен айналысатын болады. Қосымша ақпараттарды мемлекеттік органдардың жауаптарынан кейін ұсынатын боламыз.

Ақпарат футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.