Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында елордалық «Астана» өз алаңында тель-авивтік «Хапоэльді» ұтты.  

«Астана Аренада» өрбіген кездесу 3:0 есебімен елордалық команданың пайдасына шешілді. Алдымен, израилдік қорғаушы Джани Танат Нөсербаевқа қарсы ереже бұзды. Бас төреші ойыншыға қызыл қағаз көрсетіп, қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. Он бір метрлік соққыны Рохер Каньяс сәтті орындады – 1:0. Артынша, алаң қожайындары есепті еселеуге ұмтылды. Әйтсе де, бірінші таймда есеп өзгермеді.

Екінші тайм Станимир Стойлов командасының шабуылдарынан басталды. Матчтың   58-ші минутында Танат Нөсербаев әдемі соққымен есепті еселеді – 2:0. Он минуттан кейін, тағы бір жерлесіміз Абзал Бейсебеков қарсыласының қақпасына екпіндеп тепкен, доп «Хапоэльдің» қақпасынан бірақ табылды – 3:0. Осылайша, астаналықтар ірі жеңіске қол жеткізді.

Еуропа Лигасы. 2-ші іріктеу кезең

«Астана»-«Хапоэль» - 3:0

Голдар: Каньяс, 16 (пенальтиден), Нөсербаев, 58, Бейсебеков, 69