Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2016» іріктеу додасына дайындығын жалғастырмақ. Футболшылар Талғардағы базада 5 тамыз күні жиналып, 13 тамызға дейін оқу-жаттығу жиынын өткізеді, деп хабарлайды футбол федерациясының ресми сайты.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның кеңейтілген тізімінде отыздан астам ойыншы бар. Солардың арасынанүздіктері іріктеліп, алдағы Еуро іріктеу ойынында Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құрайтын болады. 

Жалпы, оқу-жаттығу жиыны аясында Еуропаның белді құрамаларының бірімен жолдастық кездесу өткізу жоспарлануда. Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамалар департаментінің басшысы Владимир Нидергаустың айтуынша дәл қазір біраз елдердің өкілдерімен жолдастық кездесу жайлы келісімсөздер жүргізілуде.

- «Еуро-2016» іріктеу додасының аясындағы алғашқы қарсыласымыз – Латвия құрамасы. Бұл командамен 9 қыркүйек күні Астанада ойнаймыз. Сондықтан, осы Латвиямен болатын ойынға лайықтап жолдастық кездесуге қарсылас қарастырып жатырмыз. Ұлттық құрамамыздың жолдастық кездесуі 12 тамыз күні Алматыда өтеді деп жоспарлануда, - деп түсіндірді В. Нидергаус.

Ұлттық құрамамызбен қосамжарлана оқу-жаттығу жиындарын U-21 және U-17 құрамалары да оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Жастар құрамасының жиыны тамыздың 9-ы мен 13-і аралығында Шымкенттегі «Биік» базасында өтеді. Жиын барысында жастарымыз Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында 2014 жылдың 4 қыркүйегінде өтетін Франциямен болатын ойынға дайындықтарын пысықтамақ.

Ал жасөспірімдер құрамасы «Еуро-2015» іріктеу додасына дайындалады. Жеткіншектеріміздің жиыны Талғардағы базада тамыздың 22-сі мен 30-ы аралығында өтеді.

kff.kz