Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Шахтер» Клайпеда қаласының «Атлантас» клубымен кездеседі.

Бұл литвалық команда өз алаңында люксембургтік «Дифферджанды» драмалық қарымта кездесуде жеңгеннен кейін анықталды.

«Атлантас» Люксембургте болған ойындағы бір гол айырмашылығын тез орнына келтірді – 10-минутта Казимирас Гнедоюс көзге түсті. Тоғыз минуттан кейін қонақтардың бір ойыншысы алаңнан қуылып, литвалықтар пенальти тебуге мүмкіндік алды. Алайда нүктеге келген клайпедалықтардың латвиялық легионері Антон Емалин мүлт кетті.

Десе де, литвалықтар шабуылын жалғастыра берді, сөйтіп екінші таймның басында қонақтар тағы да өз айып алаңында ереже бұзды. Бұл жолы он бір метрлікті Марюс Папшис дәл орындады.

Ойынның аяқталуына он минут қалғанда люксембургтік команда есеп айырмасын қысқартты, осылайша сырт алаңда гол соққан олар келесі айналымға шығып тұрды. Әрине, ол үшін 2:1 есебін сақтап қалу керек еді. Алайда соңғы сөзді литвалықтар айтты. 89-минутта ойынға тыңнан қосылған ресейлік легионер Максим Максимов қонақтардың қақпасына командасының үшінші гол соқты, осылайша литвалық ұжым екінші айналымға шықты.

Еуропа лигасы. Бірінші іріктеу кезеңі

«Атлантас» (Клайпеда, Литва) – «Дифферданж» (Люксембург) 3:1 (1:0). Бірінші матч – 0:1

Голдар: 1:0 – Гнедоюс (10), 2:0 – Папшис (62), 2:1 – Кайе (81), 3:1 – Максимов (89)