УЕФА Еуропа Лигасы аясындағы албаниялық «Кукесиге» қарсы қарымта ойын қарсаңында алматылық «Қайраттың» қақпашысы Дмитрий Хомич «PROСПОРТ» тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

- Біз тек жеңісті ойлаймыз, - деп бастады Хомич. – Басқаша нәтиже көңілімізден шықпайды. Алғашқы кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жеткен едік. Енді тек біз ойынға толықтай беріліп, келесі кезеңге өтуіміз керек. Өзімізге ыңғайлы нәтижеге ойнауымыз қажет. Матчта үш соғып та, бағытыңнан адасып қалуың мүмкін. Соның кесірінен ірі есеппен жеңіліп қалады кейбір ұжымдар. Бірінші кездесуде біз ойын басымдығын толықтай өз қолымызда ұстадық. Өздеріңіз жақсы білесіздер, албаниялықтар барынша қорғанып бақты. 10 ойыншымен қорғанған командаға гол соғу қиын. Мұндай қорғанысты тек қапталдан шабуылдап бұзып, жаруға болады. Алғашқы матчта гол соққанымыз өзімізге жақсы болды. Стандартты жағдайды сәтті пайдалана білдік. Сол кездесуде «Кукеси» аса бір қауқарлы ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Біз олардан жақсы ойнадық, сондықтан жеңіске лайықтымыз деп есептеймін.

- Қарсыластарыңызды бейнежазба арқылы зерттеген кезде бүкіл құраммен қорғаныста ойнайтынын аңғардыңыздар ма?

- Көп бейнежазба қараған жоқпыз, қарсыласымыз туралы аз мағлұмат алдық. Албания чемпионаты дәл қазір маусымаралық үзілісте, ал бізде нағыз қызған шағы. Сондықтан «Кукеси» біз туралы көп ақпарат жинаған болу керек. Албаниялықтар біздің итернеттегі барлық кездесулерімізден бейнешолуды қарап, зерттеді.

- Алғашқы кездесуге сіздің әйеліңіз бен балаларыңыз қатысты. Сізді бұл жайт жігерлендірген шығар?

- Олар – менің ең қымбат жанкүйерлерім. Әйелім мен балаларым қолдап, трибунада отырғанда менің гол жіберіп алуыма құқығым жоқ. Олар мені қолдап-қолпаштап отырғанда өзіме сенімді ойнаймын.

- Бір мезетте «Кукеси» гол соғып кете жаздады. Тек қақпаны голдан маңдайша аман сақтап қалды. Сол кезде сіз біраз абдырап қалдыңыз ғой деймін?

- Ойыншы тек мықты соққы жасады. Бағытымызға қарай доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Футболда бір команда толығымен ойын басымдығын өзіне алып қанша шабуылдаса да гол соға алмауы мүмкін. Ал қарсыласы бір қателікті пайдаланып гол соғып кетуі ғажап емес. Ондай жағдайлар футболда жиі орын алып тұрады.

- Михаил Бакаев алаң ортасындағы кикілжің кезінде қызыл қағаз алып қалады деген қауіп болған жоқ па?

- Жоқ. Шынына келер болсақ, Михаил дұрыс істеді. Бүкіл ойын бойы олардың бір футболшысы жерде жатса болды допты сыртқа шығарып тастауымызды сұрады, ал олар өздер өйтіп істеген жоқ. Неге біз олардың айтқанын істеуіміз қажет? Бұл футбол, оның да өз айла тәсілдері болады.

- Қарымта ойын алдында қорғаушыларға айтар сөзіңіз бар ма?

- Біздің мақсатымыз – гол жібермеу. Қақпаға соққы аз бағытталған кездесуде маған қиын түседі. Өйткені кез келген сәтте соққы жасалуы мүмкін. Сондықтан барынша сақ болу қажет.

- Қазақстандық ұжымдардың Еурокубоктердегі мүмкіндігі қандай?

- Барылығы да жарады. «Шахтер» мен «Астана» алғашқы кездесулерін сәтті бастады. Қос ұжым да, «Қайрат» та УЕФА рейтингісіне маңызды ұпайларды алып берді.