2 тамыздан бастап ФИФА бразилиялық шабуылшы Неймар жарақатынан айыққанша «Барселонаға» күн сайын 13 мың 972 доллар беріп отырады.

Неймар 4 шілдеде Колумбияға қарсы кездесуде жарақат алып қалған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, Неймардың жазылуына 40-45 күндей керек.

Ережеге сай, футболшы жарақат алып қалғаннан 28 күннен кейін төлемақы беру басталады. Осылайша, Неймардың өтемақысы 2 тамыздан бастау алмақ. Келісім-шарт бойынша бразилиялық «Барселонада» жылына 5,1 миллион еуро алады. Бұл сома түрлі бонустармен екі есеге дейін көтерілуі мүмкін. Сондықтан, ФИФА каталондық клубқа күніне 13 972 доллар беріп тұрады.

Соманың қорытынды мөлшері 22 жастағы ойыншының қашан жазылуына байланысты болмақ.