Шілденің 7-і күні Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ресми түрде үміткер болып жарияланды. «ПРОСПОРТ Қазақстан» тілшісі осы ретте Еркін Рақышевтен сұхбат алып азаматтық позициясын білді. Жүрегі жұртына бұрып тұратын, ойы сергек кинорежиссер Алматыда өтетін бәсекеге қатысты және бұқаралық спортқа байланысты пікірін білдірді. 

-   Олимпиада, Универсиада сияқты ірі шараларды өткізудегі мемлекетіміздің басты мақсаты - әлемге танылу, деп бастады Рақышев. - Бірақ! Біз мына мәселені анықтап алуымыз керек: қыруар қаржы қажет ететін додалар біздің елімізге, халқымызға керек пе? Неге сол ақшаны бұқаралық спортқа жұмсамаймыз? Біздің бір кемшілігіміз, жекелеген спортшылардың дайындығына көп көңіл бөліп, қарапайым тұрғындарды ұмытып кетеміз. Себебі сол спортшылардан Олимпиадаларда алтын медаль күтеміз. Ал енді ойланып көріңіз, бізге халықымыздың денсаулығы қымбат па әлде бір спортшының жүлдесі артық па? Дамыған мемлекеттер қарапайым халықтың денсаулығын бірінші орынға қояды.  Сондықтан Жапония, Корея сияқты елдердің тұрғындары 80-90 жасқа дейін өмір сүреді. Ал бізде бұл көрсеткіш 55-60 жастың ар жақ бергі жағында.

-      Яғни, 2022 жылғы Олимпиада Қазақстан халқына керек емес деп есептейсіз ғой?

-    Мүлдем керек емес! Тағы айтам, сол ақшаға ауыл-аймақтарда спорт кешендері мен стадиондар салынсын. Күні кеше ғана Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиаданы көрдік қой. Қарапайм халық қаналып 50 миллиард доллар жұмсалды. Жазғы Олимпиада туристердің арқасында әйтіп-бүйтіп ақталуы мүмкін, бірақ қысқы емес. 2017 жылы елімізде бүкіләлемдік студенттер ойыны өтеді, сонымен қатар ЭКСПО-2017 ұйымдастырылады Астанада. Кімнің ақшасына жасалады мұның бәрі? Мына, менімен сенің және жергілікті тұрғындардың ақшасына! Жарайды, Универсиада сияқты екінші дейгейлі бәсекелерді өткізуге қарсы емеспін. Қатты шығындалмай, жекелеген спорт түрлері бойынша әлем біріншіліктерін өткізуге болады. Бірақ ең алдымен біз, халықтың денсаулығын ойлауымыз керек.

-       Халықтың жаппай спортпен айналысуына қалай ықпал етуге болады?

-     Бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілу керек. Бұқаралық спортқа қатысты ірі реформа қажет. Той-томалақтарға барғанда бір-бірімізге «денің сау болсын» деп тілек айтамыз үнемі. Алайда денсаулық өзімен өзі жақсармайды, ол үшін әрекет қылып жаттығу жасау керек. Балаларға мектеп кезінен бастап салауатты өмір салты туралы түсінікті санасына сіңіріп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Қалайша дейсіз ғой? Мектеп пәндерін салаландыру керек ол үшін. Мәселен, кейбір балалар физика, химия, астрономия сияқты пәндерге мүлдем қызықпайды. Өйткені құлқы жоқ. Ендеше кәсіби түрде спортпен айналыссын қабілеті бар болса. Онысыз да қиын сабақтардан басы қатқан жеткіншектерге аспандағы жұлдызды түсіндіріп әлекпіз. Бірақ балаларымыз бірте-бірте аурушаң, әлсіз болып бара жатқанын байқамаймыз! «Алға, алға» деп далақтап шаба беруді доғарып, қарапайым халыққа бет бұратын кез келді.   

-         Олимпиада ойындарын, әлем чемпионаттарын көріп жүрген шығарсыз. Ұлттық құрамалардағы қазақтардың саны неге аз деп ойлайсыз?

-         Себебі спорттық мамандандырылған мектептер жоқ. Одан қалса келімсектердің шашбауын көтереміз. Меніңше, 2012 жылы өткен Олимпиадада Сәпиев қана қазақтың ары мен абыройын сақтап қалды.  Серік болмағанда жеті алтын – жеңіс емес, қасіретпен тең болушы еді. Жеті алтын алған спортшылардың ішінде біреуі қазақ болмаса, оның несіне мақтанушы едік? Сондықтан, осы кезден ағайын бауырдың спортқа деген көзқарасын өзгертіп бұқаралық спортты дамыту керек. Балаларды 5-6 жасынан бастап қабілетіне қарай арайы спорт түрлерінде байқайтын деңгейге жету керкепіз.  

 

Cұхбаттасқан: Олжас НҰРАЗХАН