«Қайсар» - «Спартак» кездесуі кезінде дисквалификация алған бас бапкер Дмитрий Огайды алмастырған жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаев журналистердің сұхбатына жауап беріп, аталмыш ойын жайлы өз ойымен бөлісті.

 

Ойын туралы

«Қазіргі жағдайымыз осындай. Ойын жайлы айтар болсам, кездесу тізгіні біздің қолымызда болғанымен, олар өздерінің жартылай мүмкіндігін голға айналдыра алды. Одан кейін жеңісті суырып алғымыз келді. Бірақ доп қарсылас қақпасына дарымай-ақ қойды. Өте өкінішті».

Соңғы минуттағы айып добы

«Бізде айып добын Думан Нәрзілдаев та, Милан Яблан да жақсы орындайды. Думанның нағыз нүктесі сәл қашықтау жерде. Футболшылар айып добын кім орындайтынын сол жерде өздері шешті. Шамасы, Милан өзіне сенімді болған сияқты».

Мамуту Кулибалидің қосалқы құрамда қалып қойғаны жөнінде

«Мамуту Кулибали мұның алдындағы «Шахтермен» болған кездесуде сәл қателіктер жіберіп қойды. Оның үстіне, Милан Ябланға да бір мүмкіндік беріп көруді жөн көрдік. Оның үстіне, Милан соңғы кездері жаттығуда да жақсы жағынан көрініп жүр».

Үздік алтылықта қалу мүмкіндігіміз жөнінде

«Әлі ештеңе жоғалтқан жоқпыз. Қазір енді еңсемізді тіктеп, жинақталып, түзде «Атырауды» жеңуіміз керек. Сонда біз үздік алтылықта қала аламыз».

Командаға келген жаңа ойыншылар жайында

«Сергей Остапенкомен келісімшартқа отырдық. Бүгін ол алаңға шықты. Сондай-ақ молдовалық Валентин Фурдуй да қазір біздің командада. Саша Алумона бар. Әзірге осылар. Трансферлік терезе 8 шілде күні жабылады. Маусым соңына дейін құрамды өзгертпейтін шығармыз енді».

Ақпарат клубтың ресми сайтынан алынды