«Қайсар» - «Спартак» кездесуінен кейін журналистерге арнап сұхбат берген семейлік команданың бас бапкері Алексей Петрушин ойын туралы өз ойымен бөлісіп, «Қайсардың» үздік алтылықта қалу мүмкіндігі туралы айтып берді.

Ойын туралы           

«Қайсар» маған қатты ұнады. Ал ойын біз үшін өте ауыр болды. Бірақ мұндайға дайын болатынбыз. Алаң иелерінің өз жанкүйерлерінің алдында барын саларын білдік. «Қайсар» үшін бұл кездесу бір жағынан өте маңызды болғаны да рас. Өйткені, келесі кездесулерін қызылордалықтар басты бәсекелестеріне қарсы өткізеді. Яғни, алдағы үш кездесуі де оңай болмайды. «Атырау» да, «Жетісу» мен «Ордабасы» да «Қайсардың» басты бәсекелестері. Cондықтан бүгінгі кездесуде «Қайсарға» қалайда жеңу керек еді. Жалпы алғанда жігіттерімнің жігерлігіне ризамын. Рас, есепті теңестіргеннен кейін өзіміздің қарқынымыздан өзіміз қорқып кеттік-ау деймін. Тізгінді біржола алаң иелеріне беріп қойдық. Әйтпесе, бірінші таймды тәп-тәуір өткізгенбіз. Тіпті, гол жіберіп алғанымыз болмаса, ойын біздің бақылауымызда болған. Сосын алаңға бойшаң футболшыларды шығардым. Содан кейін ғана ойынымызға қайта береке кіргендей болды. Ал 1:1 есебі біз үшін тәп-тәуір нәтиже. Дей тұрсақ та ойын соңында «Қайсар» бізді кешірді. Әлгіндей жерден айып добын орындаған футболшылардың 90 пайызы гол соғып жатады. Бәлкім, сәттілік біздің жағымызда болған шығар».

Дмитрий Огаймен достығы туралы

«Дмитрий Огаймен бұрыннан таныспыз. Жақсы доспыз. Сіздер үшін ол Дмитрий Алексеевич болса, мен үшін жай ғана Димка. 1981 жылдан бері татумыз. Сол кезде Ташкентте бірге ойнағанбыз. Содан бері үй-ішімізбен араласамыз. Бір-бірімізге тілеулеспіз. Сондықтан, осы жерде қайта кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Оны өте білікті маман, өз ісінің хас шебері ретінде білемін. Тактикалық арсеналы мол. Қанша жылдан бері таныс болсақ та, оның дәл қазір ойынға қандай өзгеріс енгізіп жіберетінін білмей отырамын. Жалпы, сіздерге енді тек қана сәттілік тілеймін. Үздіктер қатарында қалуларыңызға тілектеспін».

         «Спартактың» мақсаты турасында

«Спартактың» алдына қойылып отырған мақсат басқа. Менің команда қазір қайта құрылу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жаңа ойыншыларымыз көп. Онда да олардың жағдайлары мен ойлағандай емес. Өздерінің нағыз кондицияларына келгенше біршама уақыт керек секілді. Физикалық жақтары да әзірге ақсап тұр. Мәселен, Рудик. Өткен ойын да «Ордабасыға» қарсы керемет ойнады. Тіпті, гол соқты, алаңда үздік болды. Бүгін оны, жұмсарта айтқанда танымай қалдым. Өткен ойындағы Филипп емес. Әлбетте, мұны Рудиктің бұрынғы клубында алаңға сирек шығуымен түсіндіруге болатын шығар. Тәжірибесінің аздығы көрініп тұр. Дегенмен, жігіттердің барлығына да ризамын. Жігерліктерін көрсетті. Біз үшін де бұл ұпай өте маңызды».

      Серік Сағындықов жөнінде

«Кеше ол дубль сапында бір тайм ойнады. Жалпы, бұл менің хаттамаға 17 футболшы тіркеп отырған екінші ойыным ғана. Әйтпесе, оның алдында алаңға кімді шығарарымды білмей дал болатынмын. Бірі дайын емес, екіншісі жарақат алып қалған. Амалсыздан дубльдегі жігіттерді сапқа қосатынмын. Қазір қайта таңдау бар. Командамда алаңға шығуға 17 футболшы дайын. Бүгін таңдау осы жігіттерге түсті. Ал Серік Сағындықов командада. Денсаулығы жақсы, жарақаты жоқ. Жаттығуларға қатысып жүр. «Жеңіс әперген құрамды ауыстырмайды» дейді ғой, осы құраммен бұған дейінгі ойындарда сәтті өнер көрсетіп жүргенбіз. Сондықтан, Сағындықов бүгін қосалқы құрамда қалды».

        Турнир кестесі туралы

«Мен сиқыршы емеспін. Әлбетте, команданың Премьер-лигада қалуы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Жалпы, қазір турнир кестесіне мүлдем қарап жүрген жоқпын. Біз үшін дәл қазір, бастысы футбол ойнау және ұпай жинау. Егер осы қарқынымыздан қайтпасақ, бәсекелестерімізді қуып жете аламыз. Ал Премьер-лигада қалу үшін жақсы ойыннан бөлек, сәттілік те жолдас болуы керек».

      «Қайсардың» үздік алтылықта қалу мүмкіндігі жайлы

«Бәрі де өз қолдарыңызда. Көп нәрсе келесі турда Атырауда шешіледі. Егер «Атырауды» жеңе алсаңыздар, сенімдімін, өз жерлеріңізде «Жетісуды» да тізе бүктіре аласыздар. Біз «Жетісумен» Талдықорғанда ойнап, 0:1 есебімен жеңілгенбіз. Бірақ 90 минут бойы «Спартак» шабуылдаумен болған. Қарсылас бір ғана шабуыл жасады да, гол соғып кетті. Яғни, бұлар соншалықты мықты команда емес. «Қайсардың» құрамы да «Жетісудан» қарымды. Демек, барлық мәселе «Атырау» - «Қайсар» кездесуінде шешіледі. Бір сөзбен айтқанда, сіздерге керегі екі жеңіс қой».

       Әлем чемпионаты жайлы

«Әлем чемпионатының топтық кезеңі ұнады. Өйткені, мен көп гол соғылатын матчтарды ұнатамын. Ал өз басым Германияға жақпын. Меніңше «Неміс машинасы» осы чемпионатта қарсылас шақ келтірмеуі тиіс. Қай құрамадан болса да қарымды».

Ақпарат клубтың ресми сайтынан алынды