Футболдан Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатының соңғы 1/4 финалдық кездесуінде Голандия мен Коста-Рика құрамалары күш сынасты.

Салвадор қаласындағы кездесу тартысты басталды. Бұның алдында азулы Испания, Уругвай, Италия секілді құрамаларын жерге қаратқан костарикандықтар тағы бір сенцасия жасағысы келген. Әйтсе де, барлық қауіпті шабуылдарды голландиялықтар жасады. Алдымен, Кейлор Навас Робин Ван Персидің қауіпті соққысын қайтарды. Содан соң, Мемфис Депай костарикандық қақпашыдан айласын асыра алмады. Матчтың 39-шы минутында Уэсли Снейдер айып соққыдан есеп ашатын мүмкіндікті жіберіп алды. Оның бағыттаған соққысын Кейлор Навас қайтара білді. Осылайша, бірнеше гол соғатын мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмаған голландиялықтар бірінші таймды тең есеппен аяқтады.

Екінші тайм басталысымен голландиялықтар допқа иелік етті.  53-ші минутта Уэсли Снейдер бір ойыншыны алдап Навастың қақпасын көздеді, бірақ доп қақпа маңдайшасынан биік кетті. Артынша, костарикандық футболшы Кристиан Боланьос қауіпті айып соққыны орындады, бірақ сәтсіз. Ойынның 75-ші минутында Дирк Кейт баспен қақпаға соққы жасаған, алайда Кейлор Навас өз орнынан табылды. Кейін, Коста-Рика сапында Кристиан Гамбоа жарақат алды, оны Дейв Мири алмастырды. Араға үш минут салып, Уэсли Снейдер айып соққыдан қақпа бағанасына тиді. Екі минуттан кейін, Робин Ван Перси қақпаның бос бұрышын көздеді, бірақ Кейлор Навас соңғы сәтте допты қайтара алды. Голландиялықтар қарсыластарын қыспаққа алып, ойында овертаймға дейін созғызы келмеді. Матчтың соңғы минутында Робин Ван Перси Навас қорқаған қақпаның маңдайшасина тиді. Негізгі уақытта гол соғылмады – 0:0.

Овертайм голлландиялықтардың шабуылдарынан басталды. Қорғаушы Рон Влаар асырылған бұрыштама допқа бірінші жетіп, қақпаға баспен соққы бағыттады. Кейлор Навас бұл соққыны да қайтарды. Навас бұл кездесудің үздік ойыншысы екенін тағы да дәлелдеді. Овертаймның екінші кезеңінде голландиялықтар есепті ашу үшін бар күшін салды. 118-ші минутта Уэсли Снейдердің алыстан екпіндеп тепкен соққысы қақпа маңдайшасына тиді. Дегенменде, овертайм тең есеппен аяқталды. Ендігі кезек пенальти сериясына келді. Сол мақсатпен овертаймның соңғы минутында Голландияның негізгі қақпашысы Яспер Силлесеннің орнына алаңға Тим Крул шықты.

Пенальти сериясында Тим Крул екі костарикандық футболшының соққысын қайтарып, өз командасын жартылай финалға шығарды.

 

 

Футболдан әлем біріншілігі. 1/4 финал.

Голландия – Коста-Рика-0:0 (пенальти сериясы 4:3)