Әлем біріншілігінің басты фавориттерінің басын тоғыстырған 1/4 финал қызықты болмақ. Месси бастаған жігіттер «жас жұлдыздар» Бельгиямен күш сынасты. 

 Кездесуді Аргентина құрамасы сәтті бастады. 8-ші минутта Компани қателігін пайдалаған Игуаин есепті ашты. Оның тепкен добы тура қақпаның алыс бұрышына дөп түсті. Матч басталысымен ойын басымдығын өз қолына алған аргентиналықтар енді шабуылға асықпай шыға бастады. Керекті нәтижені ұстап тұрмақ ниетте тек шабуылға шығып кетпей, қорғанысты басты назарда ұстады. Бельгиялықтар бүгін сүреңсіз ойын өрнегін көрсетуде. Алаңға жаңа шыққан жас баладай қобалжып, бір-біріне берген пастары керекті жеріне жетпей қалып жатты. Алғашқы қақпаға бағытталған соққысын тек 26-шы минутта де Брюйне жасады. Бірақ алыстан дәлдеген допты Ромеро оңай қақшып алды. Месси бірінші таймның аяғында қауіпті айып добын орындады. Тек доп Куртуа қақпасынан сәл биік кетті. Қарымта шабуылға шыққан бельгиялықтар таразы басын теңестіріп кете жаздады. Сол қапталдан көтерілген допты Вертонген баспен қақпаға бағыттап еді, алайда доп қақпа бағансынан қиыс кетті. Осылайша Аргентина құрамасның 1 гол басымдығымен  командалар демалысқа кетті.

 

Екінші тайм аргентиналықтардың басымдығымен басталды. Игуаин сол қапталда екі қорғаушыны қапы қалдырып барып, соққы жасады. Алайда доп қорғаушыға тиіп бағытын өзгерткенімен тура қақпа бағанасының жанынан өтті. Кезекті шабуылда Игуаин есепті еселеп кете жаздады. Алаң ортасымен жүгіріп алдында тұрған Компаниден айласын асырып, қақпашымен жеке шыққан сәтінде қақпа бағанасын дәл көздеді. Бельгиялықтар сапынын екі мәрте Феллайни көзге түсті қауіпті шабуылмен. Біріншісінде әуелеткен допты баспен қақпаға ұрғанымен биік кетті, ал екіншісінде баспен бағыттаған добы қақпа бағанасынан сәл қиыс кетті. Соңғы он минутта Бельгия құрамасы алма-кезек шабуылдар ұйымдастырды. Феллайни екі мәрте офсайдта қалса,  де Брюйненің бағыттаған добын Ромеро тырп етпей ұстап алды. Аргентиналықтар «қызыл сойқандардың» қауқарына тойтарыс береміз деп шабуылды ұмытқандай. Негзіге уақытқа өосылған бес минутты тек қорғаныста өткізді Сабелья шәкірттері. Қарымта шабуылда қорғаушылардың өрескел қателігін пайдаланып Месси Куруамен жеке шыққан болатын, алайда Бельгия қақпашысы шеберлік танытып қақпасын голдан аман сақтап қалды. Соңғы мүмкіндігін Витсель пайдалана алмады. Оның бағыттаған соққысы қақпадан биік кетті. Арманға жақындатқан ысқырықта шалынды. Аргентина жартылай финалда, Бельгия үйіне қайтты.

 

Әлем чемпионаты.  1/4 финал

Аргентина - Бельгия 1:0 (1:0)

Гол: 8' Игуаин (1:0)

Бас төреші: Никола Рицццоли

Қосқалқы төрешілер: Ренато Фаверани, Андреа Стефани

5 шілде 2014 жыл. Ұлттық стадион. Бразилиа