«Қайсар» - «Спартак» кездесуінің қарсаңында сұхбат берген жартылай қорғаушымыз Матич Марушко алдағы ойынның оңай болмайтынын айтып, «Спартакты» аутсайдерлер қатарына қосуға келіспейтінін білдірді. Дегенмен, словениялық легионеріміз «Қайсардың» семейлік команданы тізе бүктіре алатынына сенім білдірді.

- Матич, «Қайсардың» 19-турдағы қарсыласы «Спартак» командасының әлеуеті жайлы не айтасың?

- Бірінші айналымда Семейде өткен ойында-ақ байқағанбыз, қарымды команда. Бірақ сәтсіздіктерге жиі ұшырап жүрді. Әйтпесе, ойын өрнегі тамаша команда. Естеріңізде болса, 9-тур аясында Семейде өткен кездесуде «Спартакпен» 1:1 есебімен тең түскенбіз. Сол матч, шыны керек, біз үшін оңай болған жоқ. Ал қазір бас бапкері ауысты. Құрамы тәжірибелі ойыншылармен толықты. Бүгінде «Спартак» бұрынғыдан да қарымды. Соңғы ойындарын сәтті өткізіп жүр. «Атырау» мен «Ордабасыны» жеңді. Сондықтан, бұл командаға қарсы екі қолды бос қойып ойнауға болмайды. мен «Ордабасыны» жеңді. Сондықтан, бұл командаға қарсы екі қолды бос қойып ойнауға болмайды. «Спартак» қазір аутсайдер емес.

- Бірақ, жеңе алатынымызға қаншалықты сенімдіміз?

- Өз жанкүйерлеріміздің алдында «Спартакты» ғана емес, кез-келген команданы жеңуге міндеттіміз. Әлбетте, қарсыласымыз жеңісті қолдан бере салмас. Алайда, алаңда барлығымыз ұжымшылдық танытар болсақ, бізді ешкім тоқтата алмайды.

- Әдетте, сенің шебіңде ойнайтын, яғни артқы жартылай қорғаушылар бұл уақытта біраз сары қағаз жинақтап, дисквалификация алып та жатады. Ал сен «Қайсардың» барлық ойынына қатыссаң да небәрі үш-ақ ескерту алыпсың. Өзіңді тәртіпті ойыншылардың қатарына жатқызасың ба?

- Егер ойын тәртібін бұзбай допты тартып аларыңды біліп тұрсаң, қарсыласыңды несіне құлатасың. Бәрін де тәртіп шеңберінде шешуге болады ғой. Қажет кезде ойын ережесін бұзатын сәттер де болады. Бірақ онда да ойын ережесін төрешінің қаһарына ұшырамайтындай етіп бұзуға болады ғой.

- Матич, «Қайсардың» негізгі ойыншыларының біріне айналып үлгердің. Жалпы, Қазақстан чемпионатына қандай баға бересің?

- Қазақстан Премьер-лигасының деңгейі өте жоғары. Бір ұнайтыны, әлсіз команда жоқ. Барлығы да шамамен бір деңгейде. Осынысымен де қызық. Қай ойынды алмайық, фаворититті анықтау өте қиын. Кездесулердің нәтижелерін болжап болмайсың. Менің футболшылық ғұмырымдағы ең мықты чемпионат осы шығар.

 

 

- Словения чемпионатымен салыстыруға келе ме?

- Шамамен бір деңгейде. Қазақстан Премьер-лигасы Словения Бірінші лигасынан артық түспесе, кем емес.

- Ал «Қайсар» жайлы не айтасың?

- Бұрынғы жағдайы қандай болғанынан хабарсызбын. Бірақ биыл клубтың әлеуеті өте жоғары. Базада футболшылар үшін барлық жағдай жасалған. Команданың ел чемпионатының турнир кестесінде жоғары сатыларда келе жатқаны да бекер емес. Дегенмен, бұдан да биікке ұмтылуымыз керек. Бұған біздің шамамыз жетеді деп ойлаймын.

- Командада футболшылармен достасып үлгерген шығарсың...

- Әлбетте. Бәрімен байланысым жақсы. Легионерлер арасында ең жасы мен болғандықтан іні ретінде сыйлайды.

- Қызылорда қаласы жайлы өзіңе қандай пікір қалыптастырдың?

 - Ауа-райы қаншалықты ыстық болса, халқының құшағы да соншалықты ыстық. Қай жерге бармасам да бәрі танып, арқадан қағып жатады. Бір сөзбен айтқанда қонақжай. Климатына тоқталар болсам, мұншалықты аптаған ыстыққа бұрын соңды кезікпеппін. Словенияда бұл уақытта небәрі 20-23 градус қана жылы болып тұрады.

- Соңғы сұрақ. Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында қай командаға жанкүйерсің?

- Бұл мундиаль көптеген тосын сыйларымен есте қалатын болды ғой. Үміт күткен командалардың көбі додадан шығып қалды. Дегенмен, Германияға жанкүйер едім, немістер бәрін жапырып келеді. Биыл кубок Германияға бұйырады деп ойлаймын.

Ақпарат клубтың ресми сайтынан алынды