Футболдан әлем біріншілігінің 1/4 финалында Бразилия құрамасы тартысты кездесуде Колумбияны тізе бүктірді.

Форталеза қаласындағы ойын тартысты басталды. Матчтың үшінші минутында-ақ Бразилия құрамасының жетекші ойыншысы Неймар есепті ашатын мүмкіндікті жіберіп алды, оның орындаған айып соққысы қақпа бағанасынан сәл қиіс кетті. Содан соң, 7-ші минутта Бразилияның капитаны Тьяго Сильва Неймардың асырылған бұрыштама добына бірінші жетіп, кездесуде есеп ашты – 1:0. Бірден қонақтар есепті теңестіруге ұмтылды. Колумбиялық футболшы Хуан Куадрадо алыстан әдемі соққы жасаған, доп қақпадан қиіс кетті. Қарымта шабуылда Халк сол қапталдан Оспинаның қақпасын көздеді, алайда соққысын Давид сәтті қайтарды. 28-ші минутта Халк тағы бір мәрте Оспинаны тексерді, бұл жолы да колумбиялық қақпашы өз орнынан табылды. Ширек финалға дейін қарсыластарын шақ келтірмеген Хосе Пекерманның жігіттері «Селесаоның» осал тұстарын таба алмады. Керісінше, бразилиялықтар ойын тізгінін қолдарына алды. Әйтсе де, матчтың 35-ші минутында Фернандиньо колумбиялық ойыншыға қарсы ереже бұзды. Бас төреші Жулио Сезардің қақпасына айып соққы белгіледі. Допқа жақындаған Хамес Родригес соққыны сәтсіз орындады. Артынша, Неймардың орындаған айып соққысы қақпа маңдайшасынан биік кетті. Бірінші тайм аяқталды – 1:0.

Екінші тайм баяу басталды. Қос ұжым да жиі ереже бұзып, таза ойын көрсетпеді. Матчтың 58-ші минутында Гуарин Хамес Родригеспен пас алмасып жойқын соққы бағыттаған, бірақ доп қақпадан биік кетті. Колумбиялықтар қарсыластарын қыспаққа алып, есепті теңестіруге ұмтылды. Десек те, бұл мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Әйтсе де, бразилиялықтар есепті еселеді. Кездесудің 69-шы минутында Давид Луиз айып соққыдан керемет гол соқты – 2:0. Бұл жуырда ғана ПСЖ-ға ауысқан ойыншының биылғы әлем мундиаліндегі екінші голы. Кейін, Неймар ұтымды мүмкіндігін пайдана алмады. Оның алыстан екпіндеп тепкен соққысы қақпадан қиіс кетті. Артынша, Жулио Сезар Баккаға қарсы өз айып алаңында ереже бұзды, Бразилия қақпасына он бір метрлік соққы белгіленді. Допқа жақындаған Хамес Родригес мүлт кетпеді – 2:1. Ойын қыза түсті. Дегенменде, колумбиялықтар есепті теңестіре алмады. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Неймар жарақат алып, оның орнына Энрике алаңға шықты. Матчтың соңғы минутында тыңнан алаңға қосылған Рамос Хаместің пасынан қақпаға баспен соққы бағыттаған, алайда доп қақпадан сәл қиіс кетті. Осылайша, бразилиялықтар маңызды жеңістеріне қол жеткізді – 2:1.

Әлем мундиалінің алғашқы жартылай финалдық жұбы белгілі болды. Бірінші 1/2 финалда Бразилия құрамасы Германияны қабылдайды. 

       

Футболдан әлем біріншілігі. 1/4 финал.

Бразилия-Колумбия – 2:1

Голдар: Т. Сильва, 7, Д. Луиз, 69 – Х. Родригес, 80