Жақында өткен оқу-жаттығу жиынына қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан бірден он жаңа футболшыны шақырды.

 

 

 

СТАС ПОКАТИЛОВ

Амплуа:  Қақпашы

Клуб: Шахтер

ЖАСЫ: 21

 

Әлбетте, Стас Покатиловтың әлеуетін жақсы білетін Красножан мен қақпашылар бапкері Виталий Кафанов жас қақпашыны ұлттық құраманың тынысымен тыныстай берсін деп шақырғаны түсінікті. Дегенмен, «Ақжайық» футбол клубының түлегі биылғы маусымда Премьер-лигада әлі бірде-бір ойынға қатыспағанын, тек ел кубогы жолындағы «Лашынға» қарсы өткен ойынға ғана шыққанын ескерсек ұлттық құрамамыздың бапкерлер алқасы Покатиловтың бас командаға қаншалықты дайын екендігін білу үшін шақырған сияқты. Бұл шақырту жас қақпашыға жасалған сый деп білуіміз керек.

 

 

 

ГАФУРЖАН СҮЙІМБАЕВ

 Амплуа: сол қапталдағы қорғаушы

 Клуб: Ордабасы

 ЖАСЫ: 23

 

Соңғы кездері «Ордабасы» сапында Мұхтар Мұхтаров байқалар емес. Есесіне, оның жас командаласы Гафуржан Сүйімбаев үшін биылғы маусым сәтті басталды. Сөйтіп, «Ордабасы» сапында негізгі құрамнан орын алды. Ал енді міне, ұлттық құрамаға да шақыртылып, Венгрияға қарсы ойында бас команда сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Гафуржан сол қапталдағы қорғаушы. Яғни, бұл қапталымыздың әлсіздеу екенін ескерсек, Сүйімбаев біз үшін таптырмас футболшы.

 

 

 

ЕРМЕК ҚУАНТАЕВ

 Амплуа: оң қапталдағы қорғаушы

 Клуб: Қайрат

 ЖАСЫ: 23

 

Клуб сапындағы жаңа ойыншылар алаңда бір-бірін түсінісе бастаған еді, «Қайраттың» ойыны бірден жүрді. Дегенмен, Қуантаев бірінші матчтан-ақ жасындай жарқылдап, алматылық жанкүйерлерді баурап алды. Сондай-ақ, ол әмбебап ойыншы. Қай шепке қойсаң да ойнап кетеді. Осынысымен құнды. Ал оң қапталда ұлттық құрамада бәсекелестік жоғары, бірақ Ермек бұл шепте де суырылып шыға алады.

 

 

 

ДМИТРИЙ МИРОШНИЧЕНКО

 Амплуа:

 оң қапталдағы қорғаушы/жартылай қорғаушы

 Клуб: Ақтөбе

 ЖАСЫ: 22

 

Диманың өмірі жайлы қыс метражды фильм болмаса да, адамға рух беретін ролик түсіруге болады. Жастығына қарамастан жүрек ауруын жеңіп шыққан Мирошниченко енді міне, жасыл алаңда да жарқылдап жүр. Биылғы маусымда жас ойыншы ел чемпиондарының сапында бірінші минуттан алаңға шығып жүр. Красножан шамасы, Мирошниченконы қорғаушы ретінде қолданатын секілді. Өйткені, шабуылға бейім қапталдағы ойыншылар ұлттық құрамада аз емес. Ал оның шыдамдылығы, жылдамдығы мен керемет дриблингтерін ескерсек, Мирошниченко нағыз заманауи қорғаушы болайын деп тұр.

 

 

 

АСХАТ ТАҒЫБЕРГЕН

 Амплуа:

 орталық жартылай қорғаушы

 Клуб: Ақтөбе

 ЖАСЫ: 23

 

«Ақтөбенің» орталық жартылай қорғанысына еліміздегі барлық командада қызыға қарайтын болар. Бәсекелестік өте жоғары. Маусым басында Асқат осы бәсекелестікке шыдай алмайды-ау деп ойлағандар көп еді, керісінше бүгінде Тағыберген қорғанысқа тірек болар шепте әрдайым негізгі құрамнан орын алып жүр. Ол шабуылға да көмектесе алады, қорғаныстағы міндетін де ұмытпайды. Әлбетте, Богданов, Карпович және Нұрдәулетовтың жастарын ескерсек, Тағыберген Красножан түзген құрамаға жаңа серпін беруі тиіс деп ойлаймыз.

 

 

 

БАУЫРЖАН БАЙТАНА

 Амплуа:

 жартылай қорғаушы

 Клуб: Қайрат

 ЖАСЫ: 21

 

«Тараз» сапында Байтана, шыны керек, әрдайым қарқынды емес-ті. Яғни, оның ұлттық құрамаға шақыртылу себебін Красножанның бір ойлағаны бар деп түсіндіруге болатын шығар. Бәлкім, Байтананың қаншалықты дарынды екенін байқап көргісі келді ме екен. Айтпақшы, біз оның есімін осыдан үш жыл бұрын-ақ ести бастағанбыз. Сол кезде-ақ Бауыржанның қаншалықты дарынды ойыншы екені айтылып жататын. Шамасы, Байтананы ұлттық құрамаға шақыру арқылы Красножан жас футболшыға жаңа дем бергісі келген секілді. Әйтпесе, дарынды ойыншы-ақ, тек келесі деңгейге шығу үшін кішкене қамшы жетпей жатқан сияқты.

 

 

СТАНИСЛАВ ЛУНИН

 Амплуа:

 қапталдағы шабуылшы

 Клуб: Қайрат

 ЖАСЫ: 21

 

Қазақстан жастар құрамасының өкілі, бұрынғы қарағандылық қазіргі алматылық жас талант ақырындап ұлттық құрамадан да орын алды. Лунин – қапталдағы ойыншы және өз шебі арқылы шабуылға жаңа леп қоса алатын қасиеті бар. Бірақ өз клубында жиі алаңға шығып жүргенімен негізгі құрамның ойыншысы деп айта алмайсың. Шамасы, Юрий Анатольевич Лунинге бір мүмкіндік беріп көргісі келген секілді. Сондай-ақ, Станиславты шақырту арқылы соңғы кездері соны өнер көрсете алмай жүрген Жолшиев пен Қонысбаевты да ояқтысы келген болар.

 

 

 

РОМАН МУРТАЗАЕВ

 Амплуа:

 қапталдағы/орталық шабуылшы

 Клуб: Шахтер

 ЖАСЫ: 20

 

Қазақстан жастар құрамасының көшбасшыларының бірі ерте ме, кеш пе, ұлттық құрамадан, әйтеуір орын алар еді. Міне, сол кез де келген секілді. Мұртазаев қарсыласының қабағына қарамайтын өте қарқынды шабуылшы. Сергей Хижниченконың лайт-түрі десек те болады. Бірақ жастау, әрі жеңілдеу. Дегегнмен, оның ұлттық құрамаға шақыртылуы Красножанның берген авансы деп білген жөн. Өйткені, осы жиыннан кейін шабуылшы бірден жастар құрамасының қатарына қайта қосылды.

 

 

 

ТОҚТАР ЖАҢҒЫЛЫШБАЙ

 АМПЛУА:

 ОРТАЛЫҚ ШАБУЫЛШЫ

 КЛУБ: ШАХТЕР

 ЖАСЫ: 21

 

Лунин мен Мұртазаевтың есімі секілді Жаңғылышбайдың да аты отандық БАҚ беттерінде өткен жылдан бастап пайда болды. Сергей Хижниченконың командадан кетуін және Михрет Топчагичтің «Шахтер» сапына бейімделіп үлгере алмауын сәтті пайдаланған Тоқтар Жаңғылышбай маусым басындағы ойындарда командасының бірнеше маңызды голдарын соғып, бас бапкерінің алғысын алды. Әлбетте, бұл шабуылшыны ұлттық құрамаға бірден алына қояды деп айту қиын. Өйткені, ол жастар құрамасында да енді ғана пайда бола бастады. Дегенмен, осы қарқынынан қайтпаса, болашақта ел футболының нағыз жұлдызы болуы ғажап емес.

 

АҚПАРАТ ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ РЕСМИ САЙТЫНАН АЛЫНДЫ