Футболдан Әлем біріншілігінің 1/8 финалында Бельгия АҚШ құрамасымен күш сынасты.

Салвадор қаласының «Фонте-Нова» стадионындағы кездесу белсенді басталды. Еуропалықтар бірден солтүстік американдықтарды қыспаққа алып, бірнеше өткір шабуылдар жасады. Ресей құрамасын үйіне қайтарған Бельгияның шабуылшысы Ориги Ховардпен бірге-бір шығып, «Эвертонның» қақпашысынан айласын асыра алмады. Артынша, Демаркус Бисли сол қапталдан қақпаға соққы бағыттады, алайда доп қақпадан биік кетті. Содан соң, Кэмерон Мартенске қарсы ереже бұзып, бас төрешіден сары қағаз алды. Матчтың 20-ші минутында жұлдызды жолақтылардың капитаны Клинт Демпси қауіпті соққы жасаған, бірақ Тибо Куртуа өз орнынан табылды. Қарымта шабуылда Вертонген 35 метрдей жерден жойқын соққы бағыттаған, Тим Ховард қауіп бетін қайтарды. Кейін, Вертонген янкилердің қателігін пайдаланып, Де Брюйнеге әдемі пас шығарып берді. «Вольфсбург» ойыншысының соқысы қақпадан қиіс кетті. Бельгияның орталық қорғаушысы Ян Вертонген сол қапталдан сытылып өтіп, бос тұрған Оригиге пас асырды. Бірақ, соңғы сәтте допты тәжірибелі қорғаушы Демаркус Бисли өз айып алаңынан шығарып жіберді. Араға үш минут салып, Азар алыстан екпіндеп тепкен, әйтсе де Ховард допқа иелік етті. Қарбалас сәтте АҚШ жартылай қорғаушысы Фабиан Джонсон аяғын жарақаттап алды. Оның орнына Деандре Йедлин алаңға шықты. Бірінші тайм аяқталуына екі минут қалғанда Де Брюйне Ховардтың қақпасын көздеді. Алайда, оның соққысын Тим сәтті қайтарды. Осылайша, бірінші таймда есеп ашылмады.

Екінші тайм басында Бельгиялықтар қауіпті шабуыл ұймдастырды. Кевин Де Брюйне он қапталдан Мертенске пас асырған, алайда «Наполи» ойыншысының баспен бағыттаған соққысын Ховард сәтті қайтарды. Содан соң, Маруан Феллаини алыстан соққы жасаған, доп қақпа маңдайшасынан биік кетті. Бірден еуропалықтар ойын тізгінін ұстады. Әйтсе де, шабуылдарына дәлдік жетіспеді. Матчтың 57-ші минутында Ориги баспен қақпа маңдайшасына тиді. Екі минуттан кейін, Вертонген сол қапталдан сытылып өтіп бос бұрышты көздеді, алайда Ховард қауіп бетін қайтара білді. Бельгиялықтар жиі шабуылдауда. Дрис Мертенс сол қапталдан пас алып, қақпаға соққы бағыттаған, доп қақпадан сәл қиіс кетті. Артынша, Ян Вертонген алыстан екпіндеп тепкен, Ховард – өз орнында. Кейін, Клинт Демпси өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмады. Қарымта шабуылда Ориги Ховард қорқаған қақпаға сәтсіз соққы орындады. Ойынның 75-ші минутында Куртуа Демпсидің тағы бір соққысын қайтарды. Екі минуттан кейін, Мертенсті алмастырған Миральяс Ховардпен бірге-бір шығып Тимнан айласын асыра алмады. Ховард!!! Сөзсіз ойынның үздік ойыншысы. Бұл жолы Тим Эден Азардың соққысын сәтті қайтарып, матчтағы 12-ші «сэйвін» жасады. Бельгиялықтар қарсылас қақпасына 30 (!) соққы жасаған, бірақ біреуіде жүзеге аспады. Ойынның соңғы минутында Крис Вандоловский кездесудегі жүз пайыздық гол соғатын мүмкіндікті жіберіп алды. Осылайша, негізгі уақыт голсыз аяқталды – 0:0.

Овертайм басталысымен Джермайн Джонс Бислидің асыралған пасынан Куртуа қақпасына баспен соққы бағыттаған, доп қақпадан биік кетті. Қарымта шабуылда Кевин Де Брюйне кездесуде есеп ашты! Янкилердің қателігін ұтымды пайдаланған Вольфсбургтің ойыншысы Ховардтың қақпасын дәл көздеді – 1:0. Артынша, Бельгиялықтар есепті еселеді. Овертайм басында Оригиді алмастырған Ромелу Лукаку Ховардты қапы қалдырды – 2:0. ГОЛ!!! АҚШ құрамасы бір гол қайтарды. Матчтың 107-ші минутында 19 жасар жас жұлдыз Юлиан Грин өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланды – 2:1. Янкилер есепті теңестіруге ұмтылды. Осындай шабуылдардың бірінде Клинт Демпси Куртуадан айласын асыра алмады. Десек те, Юрген Клинсманның жігіттері бұл кездесуде жеңілуге мәжбүр болды. Қорытынды есеп - 2:1.

Осылайша, Бельгия 1/4 финалда Аргентина құрамасымен кездеседі.   

Футболдан Әлем чемпионаты. 1/8 финал

Бельгия-АҚШ – 2:1

Голдар: Де Брюйне, 93, Лукаку, 105 – Грин, 107