Әлем чемпионатының әр ойыны тосын сыйға әрі қызыққа толы болды. Бұл кездесуде еуропалық футбол мен америкалық футболдың теке-тіресі көрікті одан әрі қыздыра түскендей. Қос құрлықтың өкілдері ширек финалдық жолдаманы сарапқа салды.

Месси бастаған жігіттер алаңда кім иелік ететінін бірінші минуттан ақ көрсетті. Допты өз иелігінде ұстаған аргентиналықтар алғашқы он минутта қарсыластарын тығырыққа тіреді. Алайда Швейцария ойыншылары да бұл матчқа ерекше дайындықпен келгені анық. Әлем біріншілігінің айқын фаворитіне қарсы ойнау әрқашан да қиын, сондықтан жанкүйерлерінің бетін жерге қаратпауға барынша тырысып бақты. Алғашқы он бес минуттықта қос құрама бір-бірінің қақпасына бір-бір тура соққымен алмасты. Алдымен Мессидің тепкен добын Бенальо тырп еткізбей ұстаса, Инлердің соққысы Ромероның қақпасына аса бір қауіптілік төндіре қойған жоқ. Әлемнің төрт дүркін үздік футболшысы Лео қанша шабуылдап бақса да, швейцариялық қорғаушылар жата-жармаса оны қақпа маңына жақындатпай бақты. Ойынның 24-ші минутында Ди Марияға қарсы қақпа алаңының маңында ереже бұзылып, айып добын әдеттегідей алған Месси допты әуелете көтерді. Допқа алғаш болып үлгерген Игуаин баспен ұрғанымен, оған дәлдік жетіспеді. Швейцариялықтар Аргентина құрамасының ойыншыларын бір сілкіндіріп алды. 30-шы минутта оң қапталда Шакири екі қорғаушыны қапы қалдырып барып Джакаға пас асырған болатын, ал Граниттің қақпаның жақын бұрышына тепкен добын Ромеро сәтті қайтара білді. Екінші деммен Дрмич алыстан соққы бағыттағанымен, аргентиналық қақпашы тағы да шеберлігімен тәнті етті. Алехандро Сабелья шәкірттерінің қарымта шабуылы өткір болды. Лавесси қақпа маңына еніп барып жойқын соққы жасағанымен, Бенальо қырағылық танытты. Біршама бәсеңсіген ойынан кейін швейцариялықтар Аргентина қорғаушыларының қателігі үшін жазалап кете жаздады. Қорғаныстағы өрескел қателікті пайдаланған Дрмич қақпашымен жеке дара шықты. Алайда өз орнында қалған Ромеродан Йосип айласын асыра алмады. Алғашқы таймда әзірше жатпланеталық Месси көз қуантарлық ойын өрнегін көрсете алмады, әрине оған қарсы үш жақтан үш қорғаушы көз жазбай, әрбір ісін қадағалап жүрді. Осылайша гол соғудан бұрын, қателісуден қорыққан алғашқы тайм өз аяғына жетті.

 

 

Екінші таймға Сабелья шәкірттерін қамшылап шыққаны көрініп тұрды. Ысқырық шалынысымен алға ұмтылған аргентиналықтардың алғашқы жорығаы қауіпті шықты. Лавессидің шығарған пасынан Игуаин допты қақпаға дәлдеп көрді, алайда Швейцария қақпашысы допты алаң сыртына шығарып жіберді. 51-ші минутта Шакири айып добын қауіпті орындады. Тура қақпа «тоғыздығына» бағытталған соққыны Ромеро қайтарғанымен, доп қолынан ыршып шығып, біраз қорғаушыларды әуре сарсаңға салып қойды. Аргентиналықтар шабуылдарын барған сайын үдете түсті. Рохо сол қапталдан қақпаның жақын бұрышына жойқын соққы бағыттағанымен, Бенальо бүгін жоғарғы деңгейде өнер көрсетуде. Лавессидің көтерген добын Игуаин баспен қақпа бағанасының астына ұрып еді, тағы да швейцариялық қақпашы өз қақпасын голдан аман сақтап қалды. Сабельяның тағаты таусылды, шәкірттері неше түрлі қитұрқы шабуылдар жасағанымен Швейцария қорғаушылары сыр бермеді. Аргентиналықтар шабуылдың артынан шабуыл жасағанымен ешқайсысы нәтиже бере қоймады. Месси кезекті бір шабуылда алыстан бағын сынап көрді, алайда доп қақпа бағанасынан сәл биік кетті. Әзірше швейцариялықтар «мұрыннан қан кеткенше» бүкіл командамен қорғанған қамалды Оңтүстік Америкалықтар бұза алмады. Кезекті Мессидің ұмтылысы өте қауіпті шықты. Лео допқа ие болғаннан кейін алдындағы екі қорғаушыны қапы қалдырып барып, Бенальо иелігіне соққы бағыттады. Аргентиналықтар шабуылда тығырыққа тірелді, қанша шабуылдағанымен ешқайсысы нәтиже бермеді. Сонымен жеңімпазды анықтай алмаған екінші тайм да өз мәресіне жетті.

 

 

Овер таймда алдынғы сценарий бойынша өрбіді. Аргентиналықтар шабуыл артынан шабуыл жасағанымен, швейцариялықтар қорғаныста мығым ойнады. Бірде Месси қақпа алаңына еніп соққы жасаса, енді бірде Ди Мария алыстан бағын сынап көрді. Леоның тепкен добы Бенальо сәтті қайтарса, «Реал» ойыншысының «тоғыздыққа» бағыттаған соққысын швейцариялық қақпашы қиындықпен шығарып алды.  Сабелья шәкірттері 118-ші минутта діттегендеріне жетті. Месси ортаңғы шеппен бірнеше қорғаушындан айласын асырып барып, Ди Марияны қақпашымен жеке шығарып берді. Ал Ди Мария өз кезегінде қақпаның алыс бұрышын тура көздеді. Сонымен жанкүйерлерді көп күттірген гол да соғылып, таблодағы есеп мәні өзгерді. Соңғы минутта швейцариялық тайлы тұяғы қалмай айып алаңына енді. Тіпті қақпашы Бенальо келді. Бұрыштама добы көтерілгенде қақпашы бағыттаған соққы сәл қиыс кетсе, Джинайға бақ жетіспеді. Оның баспен ұрған добы қақпа бағанысынан кері қайтты. Бенальо өз орнына қайтар емес, мүмкіндігі болса командасына көмектесіп қалғысы келді. Осылайша овер таймда Ди Марияның соққан голы Аргентинаны келесі кезеңге шығарды. 

 

Әлем чемпионаты-2014. 1/8 финал.

Аргентина – Швейцария – 1:0 (0:0)

Гол: 118’ ди Мария (1:0)

Аргентина: Ромеро, Гарай, Сабалета, Рохо (Басанта 07), Фернандес, Маскерано, Гаго (Билья), Ди Мария, Игуаин, Месси, Лавесси (Паласио 74)

Швейцария: Бенальо, Лихтштайнер, Родригес, Джуру, Шер, Инлер, Джака (Фернандес 66), Бехрами, Шакири, Мехмеди (Джемайли 113), Дрмич (Сеферович 82)

ТөрешіЮнас Эрикксон (Швеция)

ЕскертулерРохо 90, ди Мария 120+1, Гарай 120+4 - Джака 36, Фернандес 73

1 шілде. «Итакеран» стадионы. Сан-Паулу.