Осыдан 110 жыл бұрын халықаралық футбол федерация ассоциациясы (ФИФА) құрылды. Сол уақыттан бері футболдың ережесі талай шырмауықтан өтіп пәлембай рет өзгеріске ұшыраған . «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі хронологиялық тұрғыда сіздерді бір ғасырдың ішінде болған ең қызықты жайттармен таныстырмақ.  

 

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 1904-ші жылы 21 мамырда Голландия, Швейцария, Дания, Бельгия, Франция, Швеция және Испания елдерінің  қолдауымен дүниеге келді. ФИФА – футбол, футзал және жағажай футболын біріктірген ұйым. Әу баста, ФИФА-ға дейін мұның бәріне Англия футбол ассоциациясы  (АФ) жауапты болған. Олар алғаш болып футболдың басты заңдары мен ережелерін бекіткен. Айта кетсек, қақпашының допты өз айып алаңында қолмен ұстауын, бұрыштама соққылары, ереже бұзылған үшін берілетін жаза мен қақпаның маңдайшасының пайда болуына (1875 жылға дейін екі қақпа бағанасына жіп ілінетін) да ФИФА мұрындық болды. Ал 1877-жылы ойынның негізгі уақыты 90 минутқа дейін созылды. Алты жылдан кейін, аутты екі қолмен лақтыруға рұқсат берілді. Артынша, 1891-ші жылы пенальти ұғымы пайда болды. Бұған дейін, пенальти қақпадан он метр қашықтықта әр нүктеден орындалатын. Сондай-ақ, лайнсмендер жұмыс істей бастады. Ал, кездесудің бас төрешісі трибунадан емес жасыл алаңда қызмет ете бастады.

Англия мен Шотландия арасындағы жолдастық кездесу. 1875-ші жыл.

 

ФИФА-ның штаб-пәтері швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан. Зепп Блаттер – 1998-ші жылдан бастап ФИФА-ның президенті қызметін атқаруда. Ол ФИФА-ның сегізінші басшысы. Дегенмен, швейцариялық тұлғаның жұмысына наразылық білдірушілер күннен-күнге өсіп келеді. Мәселен, Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына ФИФА-ның қорына төрт миллиардтан астам доллар түсуі керек. «Соның бір миллиардына ФИФА салық төлеуі тиіс. Бірақ, шынында ол ақша функционерлердің қалтасында қалады», — деп өз наразылығын білдірді Ромарио.

 

ФИФА-ның қазіргі президенті Зепп Блаттер

 

1924-ші жылы төрешілер бұрыштамадан қақпаға дәл бағытталған соққыларды есептей бастады. Кейін, бұны «құрғақ жапырақ» деп атап кетті. Колумбиялық ойыншы Колл - Әлем чемпионатында бірінші болып бұрыштамадан тура соққымен гол соққан футболшы. 1962-ші жылы ол Чилидегі әлем чемпионатында атақты Лев Яшинді қапы қалдырған. 1:4 есеппен ұтылып жатқан колумбиялықтар, кейін есепті теңестіріп кетті – 4:4.   

 

Лев Яшин 1966-шы жылғы әлем чемпионатында 

 

1929-жылы қақпашылар пенальти кезінде бір сызықта орналасуы туралы ереже шықты. Голкипер соққы жасалмағанша өз сызығында орналасуы керек.

 

«Глазго Рейджерстің» футболшысы Уильям Уоддел пенальтиден «Селтіктің» қақпасына гол соғуда

 

1939-жы жылдан бастап жейде артында нөмірдің белгіленуі міндетке айналды. Қазіргі кезде нөмірсіз футбол жейдесін елестету қиын. 

 

«Тоттенхэмнің» футболшылары жейдесіндегі нөмірлерін қарауда 

 

1958-шы жылы ойыншы алмастыруға рұқсат берілді. Бұған дейін тек жарақат алған қақпашыны және бір ойыншыны ғана алмастыруға болатын. Кейін, үш ойыншыны алмастыруға рұқсат етілді. Бұл заң қазіргі таңда да өз жұмысын атқаруда. Бұрын, халықаралық жарыстар мен көп елдерде ойыншы алмастыруға тыйым салынған. Соның кесірінен көп ойыншылар ауыр жарақат алып, сынық қол-аяғымен кездесуді соңына дейін жалғастыруға мәжбүр болды. Көп мемлекеттің Федерациялары сол үшін ФИФА-ға наразы болып, ойын барысында ойыншыларды өз еркімен алмастырған.

 

«Астон Вилла» қақпашысы Найджел Спинк «Баварияға» қарсы ойын барысында жарақат алған негізгі қақпашы Джимми Риммерді алмастыруда 

 

1970-ші жылғы әлем чемпионатында сары және қызыл қағаз көрсетіле бастады. Сол әлем мундиалының алғашқы матчында Мексика мен КСРО арасындағы кездесуде Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Ловчевтің әкесі Евгений Әлем чемпионатының тарихында бірінші «сары қағаз» алған болатын. Футбол тарихында сары мен қызыл қағаз туралы көптеген қызықты жайттар болған. Мәселен, 1989-шы жылы итальяндық «Пьянту» командасының ойыншысы Фернандо Дэрколо төрешінің қызыл қағазын қолынан жұлып алып ауызына салып жұтып жіберді. Кейін қазақстандық «Ликвидатор» фильмінде түскен «Челсидің» бұрынғы футболшысы Винни Джонс 1992-ші жылы «Шеффилд Юнайтедтің» ойыншысы Дэйн Уайтхаусқа қарсы ереже бұзып, ойынның екінші секундында сары қағаз алған болатын. Бұл әлем футболындағы ең жылдам көрсетілген сары қағаз болып есептеледі.   1990-шы жылы офсайдтың жаңа ережесі шықты. Бұдан былай, қарсыластың ойыншыларымен бір сызықта тұрған футболшы «ойыннан тыс қалмаған» деп есептеле бастады. Осы заңның шығуымен, бірқатар командалар «жасанды офсайд» қолдануды үйренді.  

 

Англияның ойыншысы Фрэнсис Ли Бразилиялық Феликске қарсы ереже бұзып бас төрешіден сары қағаз алуда. ӘЧ – 1970. 

 

1991-ші жылдан бастап матчта төрт қазы жұмыс істей бастады. Ойын барысында төртінші қосалқы төреші негізгі арбитрді алмастыру құқығына ие болды. Сондай-ақ, қосалқы төреші алаңдағы жайттардың бәрін «құлаққап» арқылы негізгі төрешіге айтып тұрады. 2006-шы жылғы Әлем чемпионатының финалында Зинедин Зидан Италия құрамасының қорғаушысы Марко Матерацциді кеудеден «сүзген» болатын. Матчтың бас төрешісі Орасио Элисондо бұл сәтті байқамаған еді, бірақ қосалқы төреші  Луис Медина Кантальехо ереже бұзылғанын бас қазыға жеткізді. Рефери Зиданға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Артынша, француздар пенальти сериясында Италиялықтарға есе жіберді.

 

Зиданның Матерацциді кеудеден сүзген сәті. ӘЧ - 2006. Финал.  

 

2002-ші жылы қақпашыларға қатысты арнайы заң қабылданды. Голкиперге өз айып алаңында допты алты секундтан артық ұстауға тыйым салынды. Футбол тарихында ең жиі өзгертілген ереже қақпашылар туралы. Бір кездері, қақпашыға тек қана өз айып алаңында доппен екі қадам жасауға ғана рұқсат берілген. Қазіргі таңда, қадаммен емес бәрі уақытпен есептеледі.   

 

Оливер Кан 2006 жылғы әлем чемпионатында

 

2006-шы жылы ойыншыларға әшекей-бұйыммен алаңға шығуға тыйым салынды. Бұл жайт көптеген қызықты оқиғаларға себеп болды. Мәселен, футболдан Австралия чемпионатындағы «Перт» командасының шабуылшысы Дэмиан Мори алаңға неке сақинасымын шыққан болатын. Бас төреші оны сақинамен ойнатқызбайтынын айтты. Футболшы саусағындағы сақинасын шеше алмағандықтан оның орынына басқа ойыншы шықты.

 

Дэвид Бекхэм Мадридтік Реал сапында жаттығуда

 

2014-ші жылғы Бразилиядағы Әлем чемпионатында хоккейдегіндей автоматты голды есептейтін құрал енгізілді. Бұл құралғы голдың болған-болмағанын нақты айтып береді. Жаңа жүйе - Hawk-Eye (Қаршығаның көзі) деп аталады. Аталмыш жүйе биылғы Англия премьер-лигасында қолданыла бастады. Алайда, құрал тек қана кейбір стадиондарда жұмыс істеген. Сондықтан, бұл жүйе толығымен тек қана Бразилиядағы әлем мундиалында іске қосылды. Сондай-ақ, төрешілерге арнайы спрейді қолдануға рұқсат етілді. Бұл ойыншылардың айып соққы кезінде құрған қабырғанын қозғалмауы және айып соққыны орындау сәтте допты жылжытпау үшін арналған қадам.

 

Қаршығаның көзі - Hawk-Eye

 

Арнайы спрей