Бразилиядағы әлем чемпионаты драмаға толы ойындары мен тосын-сыйларымен есте қалуда. 1/8 финалда кездескен Голландия мен Мексика құрамалырының ойыны да осылардың қатарына енді.  

Ойын голландиялықтардың белсенділігімен басталды. Алайда қақпаға алғашқы соққыны мексикалықтар жасады. Мигель Лайюн айып алаңынан тыс жерде қақпаның аңғарын нысанаға алып көрді, бұл жолы доп сәл қиыс кетті. Бұдан кейін «үштүстілер» ойынды теңестіріп, қарсыластарына азуын көрсете бастады.

Десек те алғашқы минуттарда анау айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Тек 9-минутта жарақат алып қалған Найджел де Йонгтың орнына Бруно Мартинс Инди шықты. Бұдан бөлек қос команда да өткір шабуылымен көзге түсе қоймады. 14-минутта Мигель Лайюн сол қанаттан бір қорғаушыдан айласын асырып, айып алаңына қауіпті пас асырды. Алайда бұл допқа аяғын қоя салар бір дір бір шабуылшы табылмады. Араға санаулы минуттар салып номиналды қонақтар есепте алға шығатын керемет мүмкіндікке ие болды. Эктор Эрерра ұрымтал тұста тұрып допты қақпадан қиыс тепті. Қақпаның аңғарына дәл бағытталған соққы 24-минутта ғана орын алды. Бұны Мигель Эрерра шәкірттері қорғаушы Карлос Сальсидоның алыстан жасаған соққысы арқылы ұйымдастырды. 27-минутта Робин ван Персиге алаңнан ортасынан әдемі пас асырылды, капитан допты тоқтатып алғанымен, Гильермо Очоаның мазасын кетірердей соққы жасай алмады. Бұған мексикалықтар Джованни дос Сантостың соққысымен жауап қатты. Бұл да Яспер Силлесенге қиындық тудырмады. Таймның орта бөлігі бір сыдырғы өтіп, командалар үзіліске кетер тұста ғана шабуылда белсендірек ойнай бастады. Мексикалықтар сол қанаттан әдемі комбинациялық ұмтылыс жасай алды. Орибе Перальдадан пас алған дос Сантос ұрымтал тұсқа шықты, алайда Силлесен командасын құтқарып қалды.

Екінші тайм мексикалықтар үшін сәтті басталды. Үзіліске дейін азулы қарсыласына қарағанда өте белсенді болған оңтүстік америкалықтар дос Сантостың көмегімен алға шықты. Бұл голдан кейін Эррера шәкірттері қорғанысқа жатып алмай, қарсыласының қақпасынан тағы бір рет саңлау табуға тырысты. Голландиялықтар да күтпеген жерден гол жіберіп алған соң, шабуылда белсенді ойнады. Дос Сантостың голы ойынды басқа сарынға ауыстыратыны анық еді. Алыстан бағытталған соққы бір рет жемісін алып келген соң, «үштүстілер» допты айып алаңына кірмей-ақ қақпаға тебуге тырысты. 57-минутта Стефан де Врей бұрыштан әуелеген допқа аяғын тоса салды. Топтық кезеңнің үздік қақпашысы атанған Очоа бұл допты алып шықты, ал кері серпілген доп бағанаға тиді. Бұл Гильермоның бірінші рет ойынғы шынайы араласуы. Луид ван Гал шәкірттері қарсыласын қорғаныста тықсырып, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Голландиялықтар қос қанат арқылы да, ортадан да қорғаныс шебін бұзып жаруға тырысты. Алайда доп Очоаға жетпей жатып, қорғаушылар шабуылға тосқауыл бола білді.

74-минутта Арьен Роббен оң қапталдан бірнеше қорғаушыдан өтіп, қауіпті соққы жасады. Алайда Очоа тағы да біліктілігін танытты. 80-минутқа таман мексикалықтар басымдықты алып, «бразуканы» өз қақпасынан алыс ұстауға тырысты. Қалған он минутта номиналды алаң иелері тайлы тұяғымен алға ұмтылды. Дегеніне 88-минутта жетті. Бұрыштан әуелеген допты басымен  Клас-Ян Хунтелаар Уэсли Снейдерге асырды, ал «бразука» Уэслидің соққысынан кейін зеңбіректен атылған оқтай жүйткіп ұшып, Очоа қақпасында бүлк етті. Жанкүйерлер ойыннан кейінгі овертаймға дайындала бастағанда кездесудің тағдыры күтпеген жерден басқаша өрбіп кетті. Төреші қосқан қосымша уақытта голландиялықтар ширекфиналға шығатын тамаша мүмкіндікке ие болды. Айып алаңында қорғаушылар Роббенді жығып тастады. Ал төреші ойланбастан он бір метрлік айып добын нұсқады. Нүктеге келген Хунтелаар Очоа мен допты қос қапталға жіберді.

Осылайша Голландия құрамасы ширек финалға шыққан үшінші команда атанды. Енді олардың қарсыластарын Коста-Рика мен Грекия арасындағы ойын анықтайды.

     

Голландия – Мексика 1:2 (0:0)

Голдар: 1:0 – дос Сантос 48, 1:1 – Снейдер 88, 1:2 – Хунтелаар (пен) 94

Голландия: Силлесен, Верхаг (Депай 56), Влар, де Врей, Блинд, Кейт, Вейналдум, Снейдер, де Йонг (Мартинс Инди 9), Роббен, ван Перси (Хунтелаар 76).

Мексика: Очоа, Агилар, Родригес, Маркес, Морено (Рейес 46), Лайюн, Эрерра, Сальсидо, Гуадрадо, дос Сантос (Акино 61), Перальта (Эрнандес 75).

Ескетулер: Агилар 69, Маркез 90+2, Гуардадо 90+3