Әлем чемпионатының топтық кезеңінен сүрінбей өткен Бразилия мен Чили құрамалары 1/8 финалының шымылдығын ашты.

Матч өте тартысты болады деп күтілді және кездесу де солай басталды. Бірден алма кезек шабуылға шыққан қос құрама бірнеше қауіпті ұмтылыстар жасады. Алғашқы соққыны Марсело жасады, алайда Браво қақпасына бағытталған доп қиыс кетті.

Сол қапталда Халктың орындаған айып добын Браво алаң сыртына шығарды. Көтерілген бұрыштама добына бірінші жеткен Тиаго Силва баспен артқа пас асырды, оңтайлы сәтті күтіп тұрған «әлемнің ең қымбат қорғаушысы» Давид Луиз бос қақпаны дәл көздеді.

Кездесудің 32-ші минутында бразилиялықтардың қақпа маңында аут лақтырудағы қателігін Сампаоли шәкірттері кешірмеді. Варгас қақпа жанында тұрған Санческе пас асырды, ал Алексис өз кезегінде алыс бұрышты дәл көздеп, таразы басын теңестірді.

Қарымта шабуылға шыққан «пентокампеондар» Бравоға қауіп төндірді, Неймардың баспен ұрған добы қақпа бағанасынан сәл ғана қиыс кетті.

Шабуылға әлсін-әлсін араласып жүрген Дани Алвес қақпаға жойқын соққы бағыттады, алайда Браво тағы да шеберлігімен тәнті етті.

 

 

Екінші таймға Сколари шәкірттері белсенді шықты. Шабуылға жиі жиі шыққан бразилиялықтар діттегендеріне жетті. Әуелеткен допқа бірінші боп жеткен Халк сол аяғымен допты теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Бірақ Бразилия жанкүйерлерінің өкінішіне қарай қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, бас төреші айып добын белгіледі... Халк допты қолымен тоқтатқан.

Чилиліктер қарымта шабуылға иек артты. Сондай кезекті бір шабуылда Орангис мүмкіндігін мүлт жіберді. Қапталдан пас алған ол қапаға соққы бағыттады, алайда Жулио Цезарь допты қиындықпен қайтара алды.

Сол қапталмен Халк екі ойыншыны қапы қалдырып барып, қақпа маңында тұрған Жоға пас асырды. Бірақ Жоға дәлдік жетіспеді.

Бразилия ойыншылары есепте алға шығу үшін бәрін салды. Шабуылдың артынан шабуыл жасағанымен бәрі де нәтижесіз болды. Бірінді Халк қауіпті ұмтылыс жасады. Айып алаңына енген Халк үш ойыншыны қапы қалдырып барып қақпаға соққы бағыттады, бірақ Браво өз орнында.

Матчтың соңы біршама бәсеңдеді. Қос құрама ойыншылары біраз шаршап қалды. Тек қорғанысқа басты назар аударды. Бұдан кейін кездесудің негізгі уақытында таблодағы есеп өзгермеді.

 

 

Қосымша уақыт түгелдей дерлік Сколари шәкірттерінің басымдығымен өтті. Кезекті шабуылда Жо қақпаға допты тура бағыттағанымен, оған дәлдік жетіспеді.

Бразилиялықтардың шабуыл өтінде ең белсенді футболшысы Халк болды. Оның қақпа алдында жасаған жойқын соққысын Браво қиындықпен шығарып алды.

Бұрыштама добына бірінші болып жеткен Жо қақпаға баспен ұрғанымен, доп сәл биік кетті.

Қосымша уақыттың соңғы минуттары жүйке жұқартарлықтай болып өтті. Сколари шәкірттері бас тармағай шабуылға шығып бір сәтке қорғанысты ұмыт қалдырды. Осыны пайдалана қалған Чили ойыншылары дереу түрде қарымта шабуылға шықты. Ортадан қақпа маңына сытылып өткен Исла қақпаға соққы бағыттағанымен бразилиялықтарды қақпа маңдайшасы аман сақтап қалды.

Матчтағы соңғы шабуылды Бразилия құрамасы жасады. Рамирестің алыстан бағыттаған добы қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Сонымен уақыт тәмәм, кездесу соңындағы пенальтиге де кезек келді.

 

 

Қос құрама бапкері 11 метрлікті тебетін бес ойыншыны жасақтады. Енді ширек финал жолдамасы үшін талас одан ары қыза түсті. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы. Кімнің бабы мен бағы келіскенін пенальти соңынан көре жатармыз.

Бразилия ма, әлде Чили ма? Неймар ма, әлде Санчес па? Цезарь ма, әлде Браво ма? Оны пенальти нәтижесі көрсетеді.

Стадион бір сәтке тынып қалды. Сонымен алғаш болып нүктеге Луиз келді. Давид мүлт кетпеді. Бразилия алда.

Чилиліктер сапынан бірінші соққыны Пинилья жасады, Цезарь шеберлігін тағы бір мәрте паш етіп, соққыны қайтара білді.

Виллиан бразилиялықтардың үмітін ақтамады, тепкен добы қақпа бағанасынан қиыс кетті. Бразилия әлі алда.

Чили қаһарманы Санчес те мүлт кетті. Бұл жолы Жулио Цезарь жеңімпаз болып шықты.

Бразилия сапынан пенальти тебуге Марсело шықты. Есепті 2:0-ге жетті.

Орангис чилиліктердің алғашқы голын соқты. Сөйтіп есеп айырмасын қысқартты.

Жойқын соққылы Халк нүктеге келді. Бірақ оның шірене тепкен добын Браво тамаша қайтара білді.

Чилиліктер сапынан Диас Рохас есепті теңестірді. Жулио дәрменсіз.

Неймар келді. Неймар??? Соққы және гол. Пентокампеондар алда.

Жағдайды түзеуге Хара келді. Соққы... Бразилия ширек финалда!!! Қақпа бағанасы Бразилияны келесі кезеңге шығарды. Есеп  3:2 бразилиялықтардың пайдасына.

Осылайша тартысты өткен кездесуде Бразилия Чилидің тек пенальти нәтижесімен жеңе білді.

 

Әлем чемпионаты. 1/8 финал

 

Бразилия – Чили 1:1 (3:2 пенальтиден)

Голдар: 18’ Давид Луис (1:0), 32’ Алексис Санчес (1:1)

Бас төреші: Говард Уэбб (Англия)

Қосалқы төрешілер:

2014-06-28 21:00 Белу-Оризонте cтадионы. Эстадиу Минейран