Қазақстан чемпионатының 18-ші туры аясында өткен «Қайсар»-«Шахтер» кездесуінен кейін баспасөз-мәслихаты болып өтті.

Алдымен сөзді қонақтардың бапкері Виктор Кумыков алды: 

- Бүгін біз ел біріншілігіндегі мықты ұжымдардың бірімен кездестік. Матчтың нәтижесі біздің команданың мықтылығын көрсетпейді, тек біз өз мүмкіндіктерімізді қарсыласымызға қарағанда тиімді пайдаландық. Ал Еуропа Лигасы қарсаңында құраманы күшейтеді деп алған ойыншымыз Никола Покривач әлі де өз бабына келе қойған жоқ. Армениялық «Ширакпен» болатын кездесуде бабына еніп, командаға көмегін тигізеді деп ойлаймын. Толықтай алғанда менің ойынға да, нәтижеге де көңілім толады.

Алаң иелері «Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай:

- Өкінішке қарай, бүгін тек бастапқы 15 минутns жақсы деңгейде өткіздік. Одан соң қорғаныста өрескел қателіктерді көп жібердік. Біздің команда әлі де жас, тәжірбиелері толыспаған. Әрі бүгін мықты қарсыласпен кездестік. «Шахтер» Еуропа Лигасы қарсаңында күшейіп, бабына енді. Оларды тоқтату екінің бірінің қолынан келе бермейді.