Қазақстандық боксшы Мерей Ақшалов спорттық карьерасын аяқтады, деп мәлімдеді Қазақстанның бокстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Бас бапкердің айтуынша, Мерей спорттан денсаулық жағдайына байланысты қол үзген.

Еске сала кетейік, М.Ақшалов 2013 жылы бокстан Азия чемпионы атанды, артынша Әлем чемпионы атағына да қол жеткізді. Сонымен қатар, «Астана арландары» бокс клубының бірнеше маусымында ел намысын қорғады.

М.Айтжановтың айтуынша, Мерей бағын сынаған 64 келі салмақта Ұлттық құрамаға қабылданудан үмітті үш боксшы бар. Олар: Қазақстан чемпионы Алмасбек Әлібеков, соңғы чемпионаттың финалында жұдырықтасқан Аслан Шымбергенов және 2011 жылғы Азия чемпионы Айдар Әмірзақов.