Турнир қарсаңында шағын сұхбат берген қонақ командалардың жаттықтырушылары «ҚР Президенті кубогына» тас-түйін дайын екендіктерін мәлімдеді.

Мирбагир ИСАЕВ, Әзірбайжан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері:

- Турнирден не күтесіз?- Тек қана жақсылықтан үміттіміз. Командам өрнекті ойын үлгісін көрсетеді деп үміттенемін. Әрдайым алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Осы орайда турнирге шақырғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіреміз.

- Команданың алдында қандай мақсаттар тұр?- Әр доп үшін таласу керектігін шәкірттерім түсінсе екен деймін. Тек соңына дейін арпалысқан команда ғана жеңіске жетеді.

- Қарсыластарыңызды қаншалықты зерттей алдыңыздар?- Тәжікстан құрамасымен бір ай бұрын өз жерімізде кездесіп, 4:0 есебімен жеңгенбіз. Бірақ бұл тәжіктер әлсіз дегенді білдірмейді. Босаңсымаймыз, керісінше бұрынғыдан да тыңғылықты дайындаламыз. Олар біздің кемшіліктерімізді біледі, біз олардыкін жақсы білеміз. Сондықтан, ойын қызықты да, тартысты өтеді деп үміттенемін. Жалпы, Тәжікстан құрамасына сәттілік.

- Сіздіңше турнирдің фавориті қай команда?- Ойын көрсетеді. Алдын ала болжам жасау дұрыс емес. Мәселен, кім ойлаған Испания әлем чемпионатында топтық кезеңде-ақ ұшып кетеді деп? Ең бастысы, жігіттердің жігері мен құлшыныстары. Жасөспірімдер футболында маңыздысы – жігер және физикалық дайындық. Біз дайынбыз.

Гоча Ткебучава, Грузия жасөспірімдер құрамасының бас бапкері:- Турнирден не күтесіз?- Бірінші ретте ҚР Президенті кубогына шақырғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіргіміз келеді. Біз өткен жылы да келгенбіз. Біорақ өз әлеуетімізді толық көрсете алмай кеткен едік. Биыл финалға дейін жетуді көздейміз. Еуропада жаттықтық. Тбилисиде де біраз дайындалдық. Енді жақсы нәтижеден үміттіміз.

- Қарсыластарыңыз жайлы не білесіз? Командаларды зерттей алдыңыз ба?- Шынын айтсам, басқа командалар жайлы білеріміз көп емес. Бәрі де алаңда белгілі болады. Бірақ жақында Бакуде болып, Қазақстан және Әзірбайжан командаларымен ойнадық. Жеңіске жеткенбіз. Бірақ бұл бізге босаңсуға болады деген сөз емес.

- Қазақстан командасы жайлы не айтасыз?- Жақсы команда. Өткен жылы 1997 жылғы жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанған. Биыл да бәріне мықты қарсылас бола алады.

- Турнирдің фавориті қай команда болмақ? Турнирге Испания құрамасының да келгенін білетін боларсыз?- Әлбетте, білемін. Бәрі де чемпион Испания болады деп жатыр. Көреміз. Алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық (күліп).

- Грузия құрамасы бұл турнирге жиі қатысатын командалардың бірі. Бұрын Президент кубогында ойнаған грузиялық футболшылардың ішінде халықаралық деңгейде өсіп шыққандары бар ма?- ҚР Президентінің кубогы – өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылатын турнир. Иран құрамасының келе алмағаны өкінішті. Футболшылары мықты еді. Иранмен кездесіп көрсек деп үміттенгенбіз. Ал өзіміздің футболшылар жайлы айтар болсам, 1995-97 жылғы жеткіншектерімізден мол үміт күтеміз. Бірақ араларында әлі халықаралық деңгейде өсіп шыққандары жоқ.

- Ал биылғы құрамның ішінде жарақат алып қалғандары бар ма?- Біз толық құрамда келдік.

- Командаңыздың жарқын жұлдызы кім?- Біз шабуылға иек артамыз. Біздің негізгі қаруымыз – шабуыл.

 

Гафуров Салохиддин, Тәжікстан құрамасы бас бапкерінің көмекшісі:- Сіздің командаңыз бұл турнирге бірінші рет келіп тұр. Дайындықтарыңыз қалай?- Иә, бірінші рет келіп тұрмыз. Осыған орай, шақырту үшін Қазақстан тарапына алғысымыз мол. Біздің команда негізінен Азияда ойнайды. Ал бұл жерге біз өзіміздің әдемі ойынымызбен көпшілікті таңғалдыру үшін келдік. Әрі тәжірибе жинаймыз.

- Футболшыларыңыздың алдына қандай мақсат қойып отырсыз?- Мақсатымыз – сауатты ойнап, финалға дейін жету. Бірақ барлық команданың көздейтіні де осы шығар... (күліп).

- Қарсыластарыңыздың ойынын зерттей алдыңыз ба?- Әзірбайжан құрамасымен «Каспий кубогында» кездесіп, 3-4 орындарға таласқанбыз. 0:4 есебімен жеңіліп қалған едік. Есесіне, есе қайтарар кез келді. Біз олардың барлық кемшіліктерін білеміз. Өзіміздің ойынымызды д күшейттік.

- Қазақстан құрамасы жайлы не айта аласыз?- Қазақстан өз жерінде ойнайды. Сәйкесінше, бұл футболышлар үшін екі есе жауапкершілікті жүктейді. Өткен жылы олар Президент кубогын жеңіп алған болатын. Биыл да бас жүлдеге таласады деп ойлаймын.

- Ал турнирдің фавориті кім болады деп ойлайсыз?- Меніңше Қазақстан мен Испания. Екеуі де мықты командалар. Брақ біз де бар өнерімізді көрсетуге тырысамыз. Футбол бір адамның емес, тұтас команданың ойыны. Мұнда «жаяудың шаңы шықпайды».

 

Сантьяго Дениа, Испания жасөспірімдер құрамасының бас бапкері:- Турнирге қаншалықты дайынсыздар?- Бұл біз үшін өте маңызды турнир. Футболшылар үшін жақсы тәжірибе болмақ. Әлбетте, жеңіске жету оңай болады деп айта алмаймын.

- Неліктен?- Біз өз ойынымызды ұстанамыз. Яғни, допты көбірек өз бақылауымызға алып, қарсыласты айып алаңына тықсыртуға тырысамыз. Дегенмен, қарсыластарымыз да осал емес. Сондықтан, жеңіске жетеміз деген жүз пайыздық сенім жоқ.

- Сіздіңше қай команда қиын қарсылас болуы мүмкін?- Бірінші ойын бәрінен маңызды. Содан кейін ғана барлық кемшіліктер көрінеді. Негізі, әр команданың өз ойын мәнері бар. Ал өзімізге келер болсақ, әр ойынға финалға шыққандай барымызды саламыз.

- Қарсыластарыңызды зерттей алдыңыз ба?- Біз дайынбыз (күліп). Барлық команданың ойындарын бейнетаспадан көріп, ойын мәнерлерін зерттеп тастағанбыз.

- Яғни, Қазақстан құрамасы жайлы пікіріңіз қандай?- Біз бірінші Әзірбайжан және Тәжікстан құрамаларымен кездесеміз. Содан кейін ғана турнир қожайындарымен кездесуіміз мүмкін, егер сәті түсіп жатса. Жалпы, видеодан қараған бір бөлек те, алаңда мүлдем басқа ғой. Не де болса, алаңға шыққаннан кейін көреміз.

- Бәрі де Испанияның фаворит санайды. Тіпті, жеңісті сіздерге «беріп» те қойғандар көп...- Футболды болжап болмайсың. Құпиясы көп, жұмбақ ойын. Бәрі де турнир барысында белгілі болады. Әлбетте, біздің мақсатымыз Президент кубогын жеңіп алу.

- Командаңызда жарақат алып қалғандар бар ма?- Жоқ, бәрі де сапта. Бізде футболшылардың барлығы да шамамен бір деңгейде ойнайды. Сондықтан, осы турнирде де футболшылар бар өнерлерін көрсетеді деп үміттенемін.

kff.kz